Қазақстан елшісі Сербия президентіне сенім грамоталарын тапсырды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сербия сарайында Қазақстан Республикасының елшісі Ғабит Сыздықбеков Сербия Республикасының президенті Александр Вучичке сенім грамоталарын тапсырды.
ҚР СІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, екіжақты кездесу аясында Ғабит Сыздықбеков Сербия президентіне Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық жағдай жөнінде, сондай-ақ 2019 жылдың қыркүйек айындағы ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында белгіленгендей елді одан әрі реформалау және қазақстандық қоғамды дамыту жөніндегі шаралар туралы хабардар етті.
"Сұқбаттасу барысында екі ел арасындағы ынтымақтастықтың барлық бағыттары бойынша, бірінші кезекте, өзара сауда және инвестициялар, құрылыс және инфрақұрылым салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың әлеуеті талқыланды", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, экономикалық ынтымақтастық жөніндегі екіжақты үкіметаралық комиссияның тиімділігін арттырудың ерекше маңызы аталып өтті. Мәдени-гуманитарлық салада жоғары және кәсіби білім беру мекемелері арасында тығыз ынтымақтастық орнату, спорт және шығармашылық ұжымдарының өзара сапарларын ұйымдастыру және басқа да салалардағы өзара тиімді байланыстарды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
"Қазақстан елшісі ЕАЭО мемлекеттері мен Сербия арасындағы еркін сауда аймағы туралы келісімнің Қазақстан мен Сербия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты екіжақты және көпжақты түрде жандандыруға мүмкіндік беретінін атап өтті", - деп хабарлады СІМ-де.
Сербия президенті екіжақты қарым-қатынастардың жоғары деңгейін тілге тиек ете отырып, екі ел арасындағы дәстүрлі достық байланыстарды одан әрі нығайту мен дамытуға, және де жоғары деңгейдегі өзара сапарлар ұйымдастыруға дайындығын жеткізді.
Жүздесу соңында Александр Вучич Қазақстан елшісінің жұмысына сәттілік тіледі.