Қазақстан елшісі Сауд Арабия үкіметіне алғысын білдірді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. САК Сыртқы істер жөніндегі мемлекеттік министрі Әдел бен Ахмед әл-Джубейр Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясындағы ллшісі Берік Арынды қабылдады.
Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесу барысында дипломаттар екіжақты және көпжақты форматтағы ынтымақтастықты дамытуға, оның ішінде өңіраралық кооперация шеңберіндегі елдердің өзара қарым-қатынастарына қатысты бірқатар мәселелерді талқылады.
Сонымен қатар елші Берік Арын Қазақстандағы қазіргі ішкі саяси ахуал туралы хабардар етіп, сұхбаттасын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауының негізгі мазмұнымен таныстырды, бұл ретте елдегі және жалпы қоғамдағы маңызды саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді көздейтін бастамашыл реформаларға ерекше назар аударды.
Қазақстандық дипломат Сауд Арабиясының Үкіметі мен халқына Қазақстандағы қайғылы қаңтар оқиғалары барысында көрсеткен қолдауы мен ынтымақтастығы үшін алғысын білдірді.
Өз кезегінде, Мемлекеттік министр барлық бағыттар бойынша қазақстандық-саудтық өзара ынтымақтастықты жандандырудың маңыздылығын атап өтті.
Тараптар елдер арасындағы достық қатынастарды дамыту және нығайту мақсатында бірлескен күш-жігерді жалғастыруға келісті.