Қазақстан елшісі Сан-Марино Капитан-регенттеріне сенім грамоталарын тапсырды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының елшісі Ерболат Сембаев Сан-Марино Республикасының Капитан-регенттері Франческо Муссони мен Джакомо Симончиниге сенім грамоталарын тапсырды, деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметі.
Салтанатты рәсімнен кейінгі кездесу барысында елші Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебіздері мен ізгі тілектерін жеткізді. Елші сұхбаттастарды Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі басымдықтары мен елімізде жүргізіліп жатқан ішкі саяси және экономикалық өзгерістермен таныстырды.
Сонымен қатар тараптар Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы шеңберіндегі өзара іс-қимылды қоса алғанда, екіжақты және көпжақты форматтағы ынтымақтастықтың жай-күйі мен перспективалары туралы пікір алмасты.
Сан-Марино басшылығы Қазақстанның жетістіктеріне жоғары баға беріп, екі елдің саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға күш салатынына сенім білдірді.
Жылы атмосферада өткен әңгіме соңында Ф.Муссони мен Дж.Симончини Қазақстан халқына және басшылығына ізгі тілектерін жеткізді. Капитан-регенттер қазақстандық дипломатқа табысты және жемісті жұмыс тіледі.