Қазақстан елшісі Латвия Президентіне сенім грамоталарын тапсырды

Қазақстан Республикасының Латвия Республикасындағы елшісі Дәурен Кәріпов Латвия Президенті Эдгарс Ринкевичске сенім грамоталарын табыс етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кездесу барысында қазақстандық дипломат Латвия Республикасының жарияланғанына 105 жыл толуына орай Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ізгі құттықтау тілектерін Латвия көшбасшысына жолдады.

Д. Кәріпов Э. Ринкевичсті Астана Ригамен екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ерекше мән беретініне сендірді.

Екі жақтан да Қазақстан мен Латвия арасындағы қарым-қатынастардың достық сипаты, екіжақты ынтымақтастықты жан-жақты нығайтуға және екі елдің өзара іс-қимылын тереңдетуге бағытталған дәйекті бағытты сақтаудың маңыздылығы атап өтілді. Екі ел ынтымақтастығының негізгі бағыттары сауда-экономикалық өзара іс-қимыл, сондай-ақ көлік және логистика деп аталды. Елші Д. Кәріпов екі ел арасындағы өзара сауда көлемінің ұлғайғанын қанағаттанушылықпен атап өтті.

Сұхбат соңында Латвия Президенті Елшіні ресми қызметке кірісуімен құттықтап, Қазақстан-Латвия қатынастарын одан әрі нығайтуға табыс тіледі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: СІМ баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы