Қазақстан елшісі Король Абдалла атындағы саудтық Мұнай зерттеу орталығымен танысты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның Сауд Арабиясындағы елшісі Берік Арын Король Абдалла атындағы Мұнай зерттеулер орталығының (KAPSARC) президенті Фахад Әл-Аджланмен кездесті.

Кездесу барысында тараптар KAPSARC пен қазақстандық ғылыми-зерттеу институттары арасында энергетика саласындағы, оның ішінде мұнай-газ нарығы, энергетикалық әртараптандыру және қауіпсіздік, климаттың өзгеруі, қоршаған ортаны қорғау және т.б. екіжақты ынтымақтастық орнату мәселелерін талқылады.

Осы тұрғыда елші сұхбаттасын Қазақстанның энергетикалық секторының дамуы және үкіметтің ұлттық экономиканы әртараптандырудағы басымдықтары, экономиканың мұнай мен газ экспортына тәуелділігін төмендету бағытындағы жұмыстары туралы хабардар етті.

Сонымен қатар, қазақстандық дипломат KAPSARC басшысын саяси реформалардың жаңа бағдарламасы мен бірқатар әлеуметтік-экономикалық шаралар ұсынылған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару және жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі мазмұнымен таныстырды.

KAPSARC президенті Қазақстанда энергетика саласын дамыту бойынша қабылданып жатқан шараларға жоғары баға беріп, екі ел мен халықтардың мүдделеріне сай келетін екіжақты ынтымақтастықты жолға қоюға дайын екенін жеткізді.

Кездесуден кейін KAPSARC кешенімен таныстыру туры ұйымдастырылды, онда жаһандық ауқымда мұнай-газ секторын дамыту бойынша, оның ішінде тұйық циклді көміртегі экономикасының саудтық тұжырымдамасын қолдану арқылы көміртегі бейтараптығына қол жеткізу саласында кең зерттеу базасы көрсетілді.

KAPSARC ішкі және жаһандық энергетикалық мәселелер мен мүмкіндіктер саласындағы тәуелсіз зерттеулермен айналысатын әлемдегі алдыңғы қатарлы орталықтардың бірі болып табылады.

2020 жылы KAPSARC Пенсильвания университетінің сараптамалық орталығының әлемдік рейтингісінде энергетика және ресурстар саласындағы саясат бойынша жетекші 60 сараптамалық орталықтарының тізімінде 13-ші орынға ие болды. KAPSARC сонымен қатар Таяу Шығыс және Солтүстік Африка сараптамалық орталығының индексінде 103-тен 15-ші орынға көтерілді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы