Қазақстан Елшісі Кения Президентіне сенім грамоталарын тапсырды
Кенияның мемлекеттік сарайында Қазақстанның Кениядағы елшісі Барлыбай Садықов Кения Президенті Уильям Самоэй Рутоға сенім грамоталарын тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сенім грамоталарын тапсыру рәсімі барысында Қазақстан Елшісі Астана екі елдің арасындағы қарым-қатынастарды нығайтуға, соның ішінде сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық салаларындағы саяси диалог пен өзара іс-қимылды жандандыруға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті. Сондай-ақ, қазақстандық дипломат У. Рутоға елімізде жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістермен таныстырды.
Сонымен қатар, Елші Кения басшысына Мемлекет басшысының Кения Тәуелсіздігінің 60 жылдығына, сондай-ақ екі елдің арасындағы дипломатиялық байланыстардың орнағанына 30 жыл толуына байланысты ресми құттықтауын жеткізді.
Өз кезегінде, У. Руто Қазақстан Республикасы Кенияның Орталық Азиядағы маңызды серіктесі болып табылатынын атап өтіп, өзара қызығушылық тудыратын барлық салалардағы ынтымақтастықты дамытуға және тереңдетуге дайын екенін жеткізді. Кения басшысы 2023 жылғы қыркүйекте Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясы алаңында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуін жылы еске алып, қазақстандық тараптың екі мемлекеттің арасындағы ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын талқылау үшін Кенияға Қазақстан Республикасының делегациясын жіберу жөніндегі жоспарларын қабыл алды. Ол сондай-ақ Қазақстан елшісін ресми ұлықтау рәсімімен құттықтап, Қазақстан мен Кения арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуда табыс тіледі.
Қазақстан Африка елдерімен ынтымақтастықты дамытуға зор мән бере отырып, тұрақты резиденциясы Аддис-Абеба қаласында орналасқан Кениядағы Елшісін қоса атқарушы ретінде алғашқы рет тағайындады.