Бүгiн 2026, 08:54 Фото: magnific.com

Қазақстан экономикасының өсімі жеделдеді: Өңдеу өнеркәсібі 9,9%-ға артты

Экономикалық серпіннің негізгі драйверлерінің бірі – өңдеу өнеркәсібі болды.

2026 жылдың қаңтар-сәуір айларында Қазақстан экономикасының өсімі жеделдей түсті. Ұлттық статистика бюросының алдын ала деректеріне сәйкес, осы кезеңде елдің жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,6%-ға өсті. Бұл көрсеткіш бірінші тоқсан қорытындысындағы 3%-дық өсімнен жоғары, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Экономикалық серпіннің негізгі драйверлерінің бірі – өңдеу өнеркәсібі болды. Төрт айдың қорытындысы бойынша бұл сектордағы өндіріс көлемі 9,9%-ға артты. Ал қаңтар-наурыз айларында өсім 8,5% деңгейінде болған еді.

Өнеркәсіп саласында жалпы оң динамика байқалды. Нақты көлем индексі 102,1%-ды құрады. Бірінші тоқсанда бұл көрсеткіш 99,9%-ға дейін төмендеген болатын.

Машина жасау саласы жоғары өсімді сақтап отыр. Өндіріс көлемі 23,3%-ға ұлғайды. Бұған көлік құралдарын, ауыл шаруашылығы және теміржол техникасын, сондай-ақ электр жабдықтарын шығару көлемінің артуы әсер еткен.

Сонымен қатар бірқатар өңдеу салаларында да айтарлықтай өсім тіркелді. Атап айтқанда:

  • жеңіл өнеркәсіпте өндіріс 2,3 есе;
  • жиһаз өндірісі 41,7%;
  • фармацевтика 35,2%;
  • құрылыс материалдары 27,7%;
  • химия өнеркәсібі 18,4%;
  • азық-түлік өндірісі 14,4% өсті.

Тау-кен өнеркәсібінде төмендеу сақталғанымен, оның қарқыны бәсеңдей бастаған. Саладағы индекс 92,7%-ды құрады. Ал бірінші тоқсанда бұл көрсеткіш 88,6% болған. Бұл мұнай секторындағы теріс әсердің біртіндеп азайып келе жатқанын көрсетеді.

Төрт айдың қорытындысы бойынша ең жоғары өсім мына салаларда байқалды:

  • құрылыс – 14,5%;
  • көлік және қоймалау – 12%;
  • өңдеу өнеркәсібі – 9,9%;
  • сауда – 5,1%;
  • ауыл шаруашылығы – 3,6%.

Сарапшылардың пікірінше, қазіргі экономикалық өсім құрылымында шикізаттық емес секторлардың үлесі артып келеді. Әсіресе құрылыс, көлік, сауда және өңдеу өнеркәсібі ел экономикасының негізгі қозғаушы күшіне айналып отыр.