Қазақстан экономикасындағы ШОБ үлесі 40%-ға жетті – зерттеу
Шағын және орта бизнес Қазақстан экономикасындағы позициясын күшейтіп келеді.
Mastercard және KPMG бірлесіп «Қазақстандағы ШОБ: сын-қатерлер мен мүмкіндіктер» атты зерттеу ұсынды. Онда шағын және орта бизнестің ел экономикасына қосқан үлесіне талдау жасалған.
2025 жылдың қорытындысы бойынша ШОБ (шағын және орта бизнес) ЖІӨ-нің (жалпы ішкі өнімнің) шамамен 40%-ын қалыптастырады. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 7%-ға жоғары.
Бұл салада шамамен 4,7 млн адам, яғни экономикалық белсенді халықтың жартысынан астамы жұмыс істейді. Сонымен қатар басқа салаларда төмендеу байқалғанына қарамастан, ШОБ-та жұмыспен қамту жыл сайын шамамен 6%-ға өсіп келеді.
Бизнес өсімі және құрылымдық мәселелер
Соңғы 5 жылда ШОБ субъектілерінің саны 1,6 есе артты. Негізінен бұл жеке кәсіпкерлер санының көбеюімен байланысты.
Сонымен бірге орта бизнестің дамуы баяу жүріп жатыр. Бұл компаниялардың шағын сегменттен ірі деңгейге өтуінде қиындық бар екенін көрсетеді.
Еңбек өнімділігі де мәселе болып отыр. Мәселен шағын бизнесте бір қызметкер орта есеппен 7,4 млн теңге, ал орта бизнесте – 15,9 млн теңге табыс әкеледі. Бұл айырмашылық жыл сайын ұлғайып келеді.
Дамуға кедергі негізгі факторлар
Сектордың өсуіне қарамастан, кәсіпкерлер бірқатар жүйелі қиындықтарға тап болады:
- қаржыландыруға қолжетімділіктің шектеулілігі;
- несиелердің жоғары құны;
- салық және реттеуші ортаның тұрақсыздығы;
- макроэкономикалық құбылмалылық;
- кадр тапшылығы.
Сонымен қатар бизнестің негізгі қажеттіліктерінің 80%-ға жуығы әлі толық қамтамасыз етілмеген. Ең үлкен тапшылық аналитика, салықтық қолдау және цифрлық маркетинг салаларында байқалады.
Цифрландыру – басты драйвер
Зерттеу цифрлық технологиялардың ШОБ өсіміндегі негізгі факторға айналғанын көрсетті. Қазірдің өзінде:
- компаниялардың шамамен 75%-ы электронды қолтаңба мен онлайн-банкинг қолданады;
- жартысынан көбі цифрлық маркетинг пен онлайн-бухгалтерияны пайдаланады;
- компаниялардың жартысына жуығы маркетплейстермен жұмыс істейді.
Сонымен бірге кәсіпкерлердің 94%-ы технологиялардың жоғары құнын одан әрі дамуға басты кедергі деп атайды.
Цифрлық трансформацияның келесі кезеңі процестерді автоматтандыру, деректер аналитикасын пайдалану және жасанды интеллект енгізумен байланысты.
Сарапшылар пікірі
Шағын және орта бизнес Қазақстан экономикасының маңызды бөлігі болып қала береді. Ол жұмыспен қамтуды, кәсіпкерлікті дамытуды және экономикалық жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Зерттеу көрсеткендей, цифрлық трансформация жеделдеген жағдайда ШОБ дамуы заманауи технологияларға қолжетімділік пен қажетті құзыреттерге тікелей байланысты, – дейді Қазақстан және Орталық Азия бойынша Mastercard бас директоры Санжар Жамалов.