Қазақстан экономикасына 40 трлн теңге құйылуы мүмкін
Ұлттық экономика вице-министрінің айтуынша, 2029 жылға дейін елге қосымша 85 млрд доллар инвестиция тарту қажет.
2029 жылға қарай Қазақстанда инвестиция көлемін ЖІӨ-нің 23 пайызына дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов Сенаттағы Үкімет сағатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Егер инвестицияның ЖІӨ-ге шаққандағы қазіргі деңгейі 14-15 пайыз шамасында сақталса, онда 2026 жылдан 2029 жылға дейінгі жиынтық инвестиция көлемі шамамен 240 млрд доллар болады.
Алайда 2029 жылға қарай инвестиция көлемін ЖІӨ-нің 23 пайызына жеткізу үшін қосымша шамамен 85 млрд доллар инвестиция тарту қажет, – деді вице-министр.
Оның айтуынша, дәл осы қосымша инвестиция көлемін қаржыландыру үшін «Бәйтерек» мемлекеттік даму институттарының мүмкіндігін күшейту көзделген. Сол себепті даму институттарын жыл сайын 1 трлн теңгеге капиталдандыру ұсынылған.
2025 жылы «Бәйтерек» мемлекеттен 500 млрд теңгеден астам қаржы алды. Сенат депутаттарының қолдауының арқасында бюджетте 2025, 2026 және 2027 жылдары жыл сайын 1 трлн теңге бөлу бекітілді, – деді Арман Қасенов.
Вице-министрдің сөзінше, мемлекет бөлген әрбір 1 трлн теңге «Бәйтерекке» нарықтан 7 трлн теңге қарыз қаражатын тартуға мүмкіндік береді. Оның жартысы ішкі нарықтан теңгемен, ал қалған бөлігі сыртқы нарықтан шетел валютасымен тартылады.
Осының нәтижесінде даму институттары экономикаға жыл сайын 8 трлн теңгеге дейін, яғни шамамен 16 млрд доллар көлемінде қаржы бағыттай алады.
Соның нәтижесінде «Бәйтерек» алдағы бес жылда экономикаға шамамен 40 трлн теңге көлемінде қаржы бере алады. Қазірдің өзінде холдингтің жұмыс қоржынында 18 трлн теңгеден асатын жобалар бар. Жаңа өтінімдер түскен сайын бұл көлем ұлғая береді. Сонымен қатар тартымды бағыттар мен перспективалы жобаларды анықтау жұмыстары жалғасады, – деді ол.
Сондай-ақ елде өңдеу өнеркәсібі 9,9 пайызға өскені айтылды. Экономистер мұны экономиканың мұнайға тәуелділіктен біртіндеп өндірістік модельге ауыса бастағанының белгісі деп бағалап отыр.
Еске салайық, бұған дейін Қаржы министрлігі Қазақстанның мемлекеттік қарызы туралы мәлімдеме жасады.