Қазақстан экономикасы жыл басынан бері өсіп келеді

2025 жылдың қаңтар-сәуір айларында Қазақстанның нақты ішкі жалпы өнімі (ЖІӨ) 6%-ға өсті. Бұл көрсеткіш қаңтар-наурыз айларындағы 5,6%-дан жоғары және 2024 жылдың осы кезеңіндегі 3,4%-дан екі есе көп. Үш ай қатарынан өсім динамикасы жақсаруда: қаңтарда +3,8%, екі айда +5,4%, үш айда +5,6%. Мұндай нәтижеге тауар өндірісі мен қызмет көрсету саласының қатар нығаюы әсер етті, деп деп хабарлайды BAQ.KZ Ranking.kz сайтына сілтеме жасап. 

Нақты сектор: өнеркәсіп пен құрылыс негізгі қозғаушы күштер

Тауар өндірісі 7,5%-ға өсіп, экономиканың басты локомотиві болып қалды. Ал өнеркәсіп өндірісі 6,4%-ға артты, оның ішінде өңдеуші өнеркәсіп 7,2%-ға өсті.

Күнбағыс майы, ұн, қант, күріш, табиғи уран, бензин, дизель отыны, тауарлық бетон, тыңайтқыштар, болат, шойын, жалпақ прокат, жүк вагондары, дизель және теміржол локомотивтері өндірісі ұлғайды.

Кен өндіру өнеркәсібі 7,1%-ға (бірінші тоқсанда +6,1%) жеделдеді, бұл мұнай (+8,8%), көмір (+11,2%) және металл кендерін (+1,4%) өндірудің артуымен байланысты.

Құрылыс саласы айтарлықтай үлес қосты. Жұмыс көлемі 16,2%-ға өсті, 4,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді (+6,8%). 

Негізгі жобалар: Маңғыстау облысындағы тұщыландыру кешені, Қостанайдағы KIA зауыты, Түркістан облысындағы «Састөбе» химия зауыты, Павлодардағы Ертіс арқылы көпір, Жамбыл облысындағы биофармацевтикалық және сода зауыттары, сондай-ақ мектептер, инженерлік желілер, жолдар мен тұрғын үйлер.

Қызмет көрсету саласы: сауда мен көлік қарқын алуда

Қызмет көрсету саласы 5,3%-ға өсті, оның ішінде сауда 7%-ға, көлік 22,4%-ға артты (логистиканың қалпына келуі мен жүк ағынының өсуі әсер етті).

Көлік саласындағы өсім негізінен теміржол көлігімен жүк тасымалдау қызметтерінің көлемінің артуымен қамтамасыз етілді, бұл саладағы жалпы көлемнің 20,5%-ын құрады. Елдегі жүк айналымының 65%-ын «Қазақстан темір жолы» АҚ қамтамасыз етеді. 

2025 жылдың қаңтар–сәуір айларында компанияның таза жүк айналымы 92,1 млрд ткм-ге жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9,8%-ға артты.

КТЖ желісі бойынша жүк тасымалдау көлемі 4,5%-ға өсіп, 85 млн тоннаға жетті. Оның ішінде ел ішінде 54,6 млн тонна, экспортқа 30,4 млн тонна жөнелтілді — бұл 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12,7%-ға көп.

Қаржылық қолдау және кластерлік даму

2025 жылы «Бәйтерек» холдингі арқылы 8 трлн теңге көлемінде жеңілдетілген қаржыландыру жоспарланған, бұл ЖІӨ өсіміне 1,3 пайыздық пункт қосады. Қаражат шағын және орта бизнеске, тұрғын үйге және ұлттық жобаларға бағытталады.

Мұнай-газ химиясынан туризмге дейінгі салаларда 17 ірі терең өңдеу жобасы анықталды.

Мақсаттар:

  • 2030 жылға қарай ШОБ үлесін ЖІӨ-нің 40%-ына жеткізу;
  • IT қызметтерінің экспортын 1,5 млрд АҚШ долларынан асыру;
  • Тікелей шетелдік инвестицияларды жыл сайын 24–25 млрд АҚШ долларына дейін жеткізу.

Сыртқы тәуекелдер мен макроэкономикалық бағдарлар

Сәуір айынан бастап сыртқы нарықтағы жағдай нашарлады: АҚШ-тың тарифтік саясаты, OPEC+ ұйымының мұнай өндіруді арттыру шешімі (+411 мың баррель/тәу.), логистикалық іркілістер және қаржы нарықтарының жоғары құбылмалылығы мұнай бағасы мен жаһандық сұранысқа қысым көрсетуде. 

Үкімет макроэкономикалық тұрақтылықты сақтап, инвестициялар, экспорт және компаниялардың жаһандық тізбектерге интеграциясын ынталандыру бағытын ұстануда.

Перспектива

2025 жылдың алғашқы төрт айындағы тұрақты өсім әртараптандырудың тиімділігін растайды: индустриялық серпіліс қызмет көрсету саласының жандануымен ұштасып, құрылыс мультипликативтік әсер тудыруда. 

Негізгі міндет — бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін жаңғырту, инновациялар және экспорттық нарықтарды кеңейту.

Мамандар бұл өзгерісті маңызды белгі ретінде қарастырады: он жылдан астам уақыт бойы айтылып келген әртараптандыру жоспардан іске асыру кезеңіне өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ
Өзгелердің жаңалығы