Қазақстан экономикасы жыл басынан бері 4,2%-ға өсті
Мұнай өндірісінің қысқаруы, теңгенің нығаюы және тұтынушылық кредиттеудің баяулауы экономикалық өсімді тежеп отыр.
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет отырысында осы жылдың 9 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму туралы баяндама жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, биыл экономика бірқатар тежеуші факторлар жағдайында дамуда.
Біріншіден, бұл мұнай өндірісінің азаюы және мұнай секторының жалпы ішкі өнімнің өсуіне теріс үлесі. Биыл 9 айдың қорытындысы бойынша мұнай өндіру 8,3%-ға қысқарып, 69,4 млн тоннаны құрады. Екіншіден, теңгенің нығаюы экспортқа бағдарланған салалар мен бюджет кірістеріне тежегіш әсер етуде. Үшіншіден, тұтынушылық кредиттеу өсуінің баяулауы тұтынушылық сұранысты тежеуде, - деп атап өтті вице-премьер.
Айта кетерлігі, жылдық мәнде тұтынушылық кредиттердің өсуі 2025 жылғы тамыздағы 26,4%-дан ағымдағы жылғы тамызда 10,4%-ға дейін төмендеген.
Аталған факторларға қарамастан, Қазақстан экономикасы өсуін жалғастыруда және оң динамиканы көрсетуде. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша экономиканың өсуі 4,2%-ды құрады. Экономиканың өсуі шикізатқа қатысты емес сектор есебінен қамтамасыз етілді, ол бағалау бойынша 5,4%-ға өсті. Салалар арасында құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, көлік қызметтері және сауда ең жоғары қарқын көрсетуде. Осы салалардың жалпы ішкі өнімнің өсуіне қосқан жиынтық үлесі 75%-дан асады, - деді Серік Жұманғарин.