Қазақстан экономикасы өзгереді: Шикізат емес, өңдеу секторы дамиды
Экономист Айбар Олжай алдағы уақытта Қазақстан экономикасының қай бағытта дамитынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алдағы жылдары бізде шикізат саласының өсуі өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқынынан төмендеу болады. Демек, Қазақстан экономикасы сапалы дами бастауы тиіс. Өңдеу өнеркәсібі алдағы жылдары 6,5% деңгейінде өсім көрсетсе, тау-кен өнеркәсібі, яғни шикізат небәрі 2,8% орташа жылдық өсу қарқынын көрсетпек. Өсім ауыл шаруашылығында – 3,9%, құрылыс саласында – 11%, саудада – 6,7% болуға тиіс. Соның ішінде, өңдеу өнеркәсібінің ішінде: машина жасау өндірісінің орташа жылдық өсімі – 10,5%, химия өнеркәсібінде – 9%, металлургия – 7,3%, фармацевтика саласы – 8,3% жыл сайын өсіп отырады деп күтілуде, - деп түсіндірді сарапшы.
Айтуынша, тұрақты сыртқы экономикалық конъюнктура отандық өнім экспортына оң әсер етеді.
Сонымен қатар ішкі тұтынушылық және инвестициялық сұранысты қанағаттандыру қажеттілігіне байланысты импорт көлемі де біртіндеп өсе бастайды. Біздің сыртқы әлеммен тауар айналымымыз өсуге тиіс. Болжам бойынша экспорт көлемі 2026 жылы 77,1 млрд долларды құраса, импорт көлемі – 67,7% доллар көлемі болуға тиіс. Сонда Қазақстанның сыртқы тауар айналымы келесі жылы 144,8 млрд долларға жетеді деп жоспарланған, - дейді экономист.
Сондай-ақ 2026 жылы Үкімет пен Ұлттық банк инфляцияны қай дәлізге түсіру жолында жұмыс істейтініне тоқталды.
Енді Үкімет те, Ұлттық банк те келесі жылы инфляцияға 9-11% дәлізге түсіруге барлық амалдарды жасайды. Себебі экономикалық өсім өз алдына, бірақ инфляция шарықтап кетсе, халықтың жағдайы нашарлап кетуі мүмкін. Ал еліміздің басты ұстанымы – қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру, - деді Айбар Олжай.
Еске салайық, бұған дейін Айбар Олжай келесі жылғы бюджетте Ұлттық қордан ақша алуға тоқталған болатын.