Қазақстан экономикасы өндіріс бағытына бет бұрды ма? – Экономист пікірі
Қазақстанда өңдеу өнеркәсібі 9,9%-ға өсті. Экономистер мұны экономиканың мұнайға тәуелділіктен біртіндеп өндірістік модельге ауыса бастағанының белгісі дейді.
Қазақстанда 2026 жылдың алғашқы төрт айында өңдеу өнеркәсібі 9,9%-ға өсті. Ресми статистикаға сүйенсек, машина жасау, фармацевтика және құрылыс материалдары өндірісінде айтарлықтай өсім байқалған. Бұл көрсеткіштер ел экономикасының біртіндеп шикізаттық модельден өндірістік бағытқа ауыса бастағанын көрсете ме? Бұл туралы экономист Бауыржан Ысқақ пікірін сұрап көрдік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сарапшының айтуынша, өңдеу өнеркәсібіндегі 9,9%-дық өсім – Қазақстан экономикасы үшін маңызды белгі.
Жалпы, бұл өте жақсы көрсеткіш деп айтуға болады. Әсіресе Қазақстан экономикасы ұзақ жылдар бойы мұнай мен шикізатқа тәуелді болып келгенін ескерсек, өңдеу өнеркәсібінің мұндай қарқынмен өсуі – маңызды сигнал, - дейді экономист.
Оның сөзінше, өңдеу өнеркәсібі – шикізатты өңдеп, қосылған құны жоғары өнім шығаратын сала. Яғни дайын бөлшек өндіру, техника құрастыру, құрылыс материалдарын жасау сынды бағыттар осы секторға кіреді.
Экономист бұл өсім экономиканың тек мұнайға сүйеніп отырмағанын, ішкі өндірістің жандана бастағанын көрсететінін айтады.
Алайда сарапшы өсімнің сапасына да назар аудару қажет екенін ескертті.
Егер өсім тек мемлекеттік тапсырысқа, бір-екі ірі зауыттың жұмысына немесе импорттық бөлшектерді құрастыруға ғана байланысты болса, онда бұл ұзақмерзімді индустриялық серпіліс болмайды. Сондықтан тек пайыздық өсімге емес, қанша тұрақты жұмыс орны ашылды, экспорт көлемі артты ма, технология келді ме, жергілікті құрам үлесі өсті ме – соған қарау керек, - дейді ол.
Машина жасау мен фармацевтика нені білдіреді?
Соңғы айларда машина жасау саласы да өсім көрсеткен. Сарапшы мұны өндірістік экономиканың маңызды индикаторы деп бағалайды.
Егер техника, бөлшек, жабдық және көлік құрастыру көлемі артса, онда инженерлерге сұраныс көбейеді, жаңа технологиялар келеді, сервистік қызметтер дамиды. Бұл – жақсы белгі. Бірақ Қазақстандағы машина жасаудың едәуір бөлігі әлі де ірі торапты құрастыру деңгейінде екенін ұмытпау керек. Толық циклді өндіріс әлсіз, – дейді Бауыржан Ысқақ.
Ал фармацевтика саласының өсуін сарапшы стратегиялық маңызды үрдіс деп санайды.
Пандемиядан кейін көптеген мемлекет дәрі-дәрмек өндірісін ішкі нарықта күшейтуге кіріскен. Экономистің айтуынша, фармацевтиканың дамуы импортқа тәуелділікті азайтып, денсаулық қауіпсіздігін күшейтеді.
Бұл сала ғылым мен технологияның дамуына да тікелей әсер етеді. Сондықтан фармацевтиканың өсуі – сапалы экономиканың белгісі, – дейді сарапшы.
Құрылыс өссе, экономика жандана ма?
Құрылыс материалдары өндірісінің артуы да ішкі экономикалық белсенділіктің артқанын аңғартады.
Экономист мұны тұрғын үй құрылысы, инфрақұрылым және жол жобаларының көбеюімен байланыстырады.
Цемент, кірпіш, металл конструкциялары өндірісінің артуы – ішкі сұраныстың бар екенін көрсетеді. Бірақ мұнда да тәуекел бар. Егер құрылыс тек мемлекеттік шығын арқылы өссе, бюджет қысқарған жағдайда бұл қарқын баяулауы мүмкін, – дейді ол.
Мұнайға тәуелділік әлі де жоғары
Сарапшының пікірінше, Қазақстанда өндіріс белгілі бір деңгейде жанданып жатыр. Бұған Ресейге салынған санкциялардан кейінгі логистикалық өзгерістер, Орталық Азиядағы сұраныстың артуы және Қытай – Еуропа дәліздерінің жандануы әсер еткен.
Соған қарамастан, толыққанды индустриялық серпіліс болды деуге әлі ерте.
Технологиялық тәуелділік жоғары. Құрал-жабдықтың басым бөлігі импортқа байланған. Өндіріс өнімділігі төмендеу, ал шағын кәсіпорындардың қаржыға қолжетімділігі әлсіз, – дейді экономист.
Сонымен қатар тау-кен саласындағы төмендеу де алаңдататын мәселе болып отыр.
Себебі мұнай мен тау-кен секторы әлі де Қазақстан экспортының негізгі бөлігін құрайды. Бюджет кірісі мен Ұлттық қор түсімдерінің басым бөлігі де осы салалардан түседі.
Мұнай өндірісінің баяулауы бюджетке қысым түсіреді, теңгеге әсер етеді, инвестиция қарқынын төмендетуі мүмкін. Бұған әлемдік бағаның құбылуы, OPEC+ шектеулері, кен орындарындағы жөндеу жұмыстары және геосаяси факторлар әсер етіп отыр, – дейді сарапшы.
Экономистің пікірінше, қазіргі өсім – экономиканың дұрыс бағытқа бет бұрғанының белгісі. Алайда тұрақты индустриялық даму үшін технология, ғылым, кадр даярлау, экспорт және жеке инвестиция қатар дамуы қажет.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан экономикасының өсімі жеделдегені, өңдеу өнеркәсібі 9,9%-ға артқаны хабарланды.