Қазақстан экономикасы: мұнай бағасы, экспорт және теңгенің тағдыры

Қазақстанның экономикасы әлі де мұнай мен шикізат ресурстарына тәуелді. Мұндай жағдайда ұлттық валюта да жиі құбылады. Теңгені қалай күшейтуіміз керек? Оған қандай факторлар әсер етеді? BAQ.KZ тілшісі сарапшылардың ойын білді.

Соңғы жылдары экспорт өсті ме?

2021-2023 жылдар аралығында Қазақстан экспорты айтарлықтай өсті. Бұл туралы economykz.org сайты мәлімдеді. 1 миллион доллардан асатын тауар саны 565-тен 1 065-ке жетті. Бұл 188%-ға өскенін көрсетеді.

Көп жаңа позиция келесі салаларға тиесілі:
1. Машина жасау өнімдері – +228 позиция.
2. Химия өнеркәсібі – +77 позиция.
3. Металлургия – +42 позиция.
4. Азық-түлік өнеркәсібі – +20 позиция.

Нақты тауарлар арасында:
- бензин мен дизель отыны;
- макарон мен ұн;
- химиялық тыңайтқыштар;
- металл прокаты;
- консервіленген жеміс пен компот бар.

Бұл тауарлар Қазақстан экономикасының әртараптанғанын көрсетеді.

Негізгі серіктестер:

• Ресей – +469 позиция.
• Қытай – +173 позиция.
• Түркия – +242 позиция.
• Қырғызстан – +92 позиция.
• Армения – +209 позиция.

Ресейге негізінен машина жасау өнімдері мен химия, ал Қытайға металл және ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталады.

Көршілермен салыстырар болсақ:

• Қырғызстан экспорты 63%-ға өсті (147-ден 239-ға).
• Армения екі есе көбейді (175-тен 384-ке).
• Өзбекстан да өскен, бірақ 2023 жылғы мәлімет жоқ.

Қазақстан экспорт позицияларының саны бойынша аймақта көш бастап тұр.

Экспорттың өсуіне қарамастан, әлі де шешілуі тиіс мәселелер бар:

1. Жаңа нарықтар. Жақын елдерден бөлек, алыс елдерге шығу қажет.
2. Инфрақұрылым. Логистиканы жақсарту маңызды.
3. Өнім сапасы. Халықаралық стандарттарға сай болу керек.

3 жылда Қазақстан экспорт тізіміне 500 жаңа тауар қосты. Машина жасау, химия, металлургия мен азық-түлік негізгі салаларға айналды. Егер осындай қарқын жалғасса, Қазақстан әлемдік нарықта маңызды ойыншы бола алады.

Экономистер не дейді?

R-Finance қаржылық кеңесшісі Арман Байғанов мұнай бағасының түспейтініне сенеді, бірақ соны пайдаланып, дайын өнімды көптеп шығаруымыз керегін айтады.

Қазақстанның табыс көзінің 70 пайызы мұнай мен шикізат ресурстарына байланған. Әлі де шикізаттың бағасына тәуелдіміз. Өздеріңізге мәлім, соңғы уақытта мұнайдың бағасында өзгерістер болды. Мұның бірнеше себебі бар: Қытайдың мұнайға деген сұранысты азайтуы, Дональд Трамптың билікке келуі және әлемдік геосаяси жағдайлар. Десе де, мұнай бағасы қатты құлдырамайды деп ойлаймын. Қара алтынның құны әлі де долларға шаққанда жоғары сақталып тұр, - деді сарапшы.

Қазақстан экспортқа тек шикізатты емес, дайын өнімды шығаруы керек деген сөз бұрыннан айтылып жүр. Экономист бұл бағыттағы жұмысты біртіндеп қолға алу керек дейді.

Соңғы 30 жылда экспорт саласында айтарлықтай өзгеріс болған жоқ. Сондықтан қазір дайын өнім мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыра беруіміз керек. Ел экономикасы мұнай өнімдерімен шектелмеуге тиіс. Қазақстанға химия өнеркәсібі мен аграрлық секторды одан әрі жетілдіру керек. Әрине, шығып жатқан өнімдеріміз бар, десе де сұраныс жағы қанағаттандырмай тұр, - дейді ол.

Байғановтың айтуынша, елімізге цифрлық валюта енгізілуі мүмкін.

Қазіргі таңда Қазақстанда салықтық түсімдердің жоспары орындалмай отыр. Шығындар артып жатыр, ол мемлекеттің ішкі қарызының өсуіне ықлпал етеді. Бюджет тапшылығын жабу мәселесі күн тәртібінде тұр. Жалпы, уайымдауға негіз бар. Бәлкім, салық мөлшерлемелерін арттырар, болмаса біртіндеп цифрлық валюта енгізілуі мүмкін. Цифрлық валютаны енгізгеннен кейін көлеңкелі айналым мен жемқорлық айтарлықтай төмендеуге тиіс. Сонда ғана елімізде тұрақты экономика болады деп ойлаймын, - дейді ол.

Теңгенің қазіргі сценарийі жалғасады. Өйткені...

Себебі әлемдегі геосаяси жағдай мен Ресейге қарсы бағытталған санкциялардың бір ұшы бізге де тимей қоймайды. Дегенмен, еліміз алтын-валюта резервтері мен Ұлттық қордың қаражатына сеніп отыр. Егер бюджет кірісін жақсартудың жолдарын тапсақ, жағдайды тұрақтандыруға болады. Қазіргі жағдайда ұлттық валютаны әлсірей беруі мүмкін. Ал теңге бір орында қалса, көптеген отандық компаниялар банкрот болып қалады. Сол себепті ЕАЭО мен халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті болуы үшін долларды нарық реттеп отыр, - деді Байғанов.

Бай-бағыландардан салықты көптеп алуымыз керек. Экономист Сапарбай Жобаев осындай пікірде. Сарапшы экспорттың үлесін қалай арттыра алатынымызды атап өтті.

Валютаны нығайту үшін экспорт көзін көбейте беруіміз қажет. Қазіргі таңда мұнай мен газды экспорттаймыз. Жалпы, 2 мыңға жуық өнімді сыртқа тасымалдап жатырмыз. Жалпы ішкі өніміміз 280 млрд доллар десек, соның 80-85 млрд долларға жуығын экспорттап, 50-60 млрд доллар шамасында импорт әкеледі екенбіз. Қазақстан шикізаттың үлесін азайта отырып, дайын өнімдерді экспорттау қажет. Әсіресе металлургия саласы мен тамақ өнеркәсібін арттыруға қауқарымыз бар. Екінші – көлік-логистика салаcы. Ел территориясы үлкен, бұл бізге көп мүмкіндік беріп отыр. Мәселен, Қытай Еуропаға 600 млрд долларлық жүк өткізсе, соның 10 пайызы елде қалады. Сондай-ақ басқа да қаржылық қызметтері бар, - дейді Жобаев.

Сонымен қатар экономист импорт өнімдерінің бағасы ненің есебінен қымбаттайтынын түсіндірді.

Қазақстан дәрі-дәрмек пен түрлі техникаларды және киім-кешекті импорттайды. Олардың бағасы теңгеміздің құнына байланысты өзгеріп отырады. Биыл теңге 5-10 пайызға әлсіреді, оның үстіне ішкі инфляциямыз тағы бар. Мұның бәрін қосқанда тауардың бағасы 15-20 пайызға қымбаттауы мүмкін. Десе де бәрі ұсыныс пен сұранысқа байланысты. Меніңше, халықтың әлеуметтік осал топтарына атаулы көмек берілуге тиіс. Баға еркін болған жөн. Ал бюджетті арттыу үшін квазимемлекеттік кәсіпорындар мен бай-бағыландарға салықтарды көбейтуіміз керек, - деп түйіндеді Сапарбай Жобаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы