Қазақстан экономикасы 4,1%-ға өсті – сарапшы
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанның қаржы нарығының өсу қарқыны баяулаған. Осы кезеңде қаржы нарығының өсімі 2,9%-ды құраса, ел экономикасы 4,1%-ға өскен. Бұл туралы экономист, R-finance кеңесшісі Арман Байғанов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, 2024-2025 жылдары қаржы нарығының өсу қарқыны 19-20% аралығында болған. Бұл көрсеткіш экономика өсімінен 3-4 есе жоғары болған.
Қаржы нарығының өсімі неге баяулады?
Арман Байғановтың пікірінше, 2026 жылы қаржы нарығының өсу қарқынының баяулауына уәкілетті орган қабылдаған бірқатар шара әсер еткен. Атап айтқанда, несие беру тәртібі мен талаптарын қатаңдату қаржы нарығының өсуіне ықпал еткен факторлардың бірі болған.
Экономист қаржы нарығын реттеудің ел экономикасына оң және теріс әсері бар екенін атап өтті. Оның сөзінше, несие беру талаптарын шамадан тыс қатаңдату елдегі іскерлік белсенділіктің төмендеуіне әкелуі мүмкін. Өйткені несиеге қол жеткізу қиындаған жағдайда кәсіпкерлер мен азаматтардың қарыз қаражатын пайдалану мүмкіндігі шектеледі. Бұл экономикалық белсенділікке кері әсер етуі ықтимал.
Екінші жағынан, несие беру талаптарын жеңілдету арқылы қаржы нарығының шамадан тыс қызып кетуі де бірқатар тәуекелге әкеледі. Мұндай жағдайда инфляцияның өсуі және халықтың мерзімі өткен несие берешегінің көбеюі мүмкін.
Осыған байланысты Арман Байғанов қаржы нарығын реттеу кезінде белгілі бір тепе-теңдікті сақтау қажеттігін атап өтті. Бір жағынан, несие беру талаптары экономикалық белсенділікті тежемейтіндей болуы керек. Екінші жағынан, несие нарығының шамадан тыс кеңеюіне жол бермей, инфляцияның өсуі мен халықтың қарыз жүктемесінің артуы сияқты тәуекелдерді ескеру қажет.