Қазақстан экономикасы 3 жылда қалай өзгереді
Қазақстан Ұлттық Банкі сарапшылар қауымдастығы арасында жүргізілген кезекті макроэкономикалық сауалнаманың нәтижелерін жариялады. Бұл зерттеу елдің алдағы бірнеше жылдағы экономикалық дамуы туралы негізгі көрсеткіштердің болжамдарын қамтиды. Олардың арасында Brent маркалы мұнайдың бағасы, Қазақстан экономикасының өсу қарқыны, инфляция, базалық мөлшерлеме, экспорт пен импорт көлемдері және теңге бағамы бар, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мұнай бағасы
Brent маркалы мұнайдың бағасы Қазақстан экономикасы үшін негізгі көрсеткіштің бірі. Сарапшылардың медианалық болжамдары мұнай нарығының тұрақтылығын болжап отыр:
- 2025 жыл: Мұнайдың бағасы 75 АҚШ доллар (1 баррель) болады деп болжануда. Бұл бұрынғы бағалаудан (76,5 АҚШ доллар) төменірек.
- 2026 жыл: Болжамға сәйкес, 1 баррель мұнай 74 АҚШ долларына сатылады.
- 2027 жыл: Мұнай бағасы қайтадан 75 АҚШ доллар деңгейіне көтеріледі деп күтілуде.
Экономикалық өсім
Қазақстанның экономикалық өсу қарқынына қатысты болжамдар да айтарлықтай тұрақты:
- 2025 жыл: Жалпы ішкі өнім 4,7% деңгейінде болады деп күтілуде.
- 2026 және 2027 жылдар: Экономикалық өсім 4,5% деңгейінде сақталмақ.
Инфляция
Инфляциялық болжамдар келесідей:
- 2025 жыл: Инфляция 6,9%-дан 7,5%-ға дейін көтеріледі.
- 2026 жыл: Бұл көрсеткіш 6,0%-дан 6,5%-ға дейін артады.
- 2027 жыл: Инфляция 5,6% деңгейінде болады.
Базалық мөлшерлеме
Инфляцияның болжанған өсуі базалық мөлшерлемеге де ықпал етті:
- 2025 жыл: Мөлшерлеме 12,5%-дан 14,7%-ға дейін көтеріледі.
- 2026 жыл: Көрсеткіш 10,3%-дан 11,8%-ға дейін өседі.
- 2027 жыл: Базалық мөлшерлеме 10,5% деңгейінде бағаланып отыр.
Экспорт және импорт
Сауалнамада экспорт пен импорттың нақты болжамдары берілмегенімен, сарапшылар мұнай бағасының өсуі мен экономиканың тұрақты дамуы экспорт көлемінің ұлғаюына ықпал етеді деп болжайды. Сонымен қатар, инфляция мен импорттық тауарларға сұраныстың өсуі импорт көлемін де арттыруы мүмкін.
Теңге бағамы
Теңге бағамына қатысты нақты болжамдар келтірілмесе де, оның тұрақтылығы мұнай бағасына, инфляция деңгейіне және базалық мөлшерлемеге байланысты болмақ. Теңге бағамы ішкі және сыртқы факторларға қарай қалай өзгеріп отыратыны туралы жазған едік.
Сауалнама нәтижелері
Сауалнамаға 12 ұйым қатысты. Олардың қатарында зерттеу институттары, халықаралық ұйымдар, рейтингтік агенттіктер және нарықтың кәсіби қатысушылары бар. Бұл зерттеу Қазақстан Ұлттық Банкінің ресми болжамдарын емес, тек тәуелсіз сарапшылардың бағалауларын қамтиды.
2027 жылға дейінгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша сауалнама нәтижелері Қазақстан экономикасының тұрақты даму әлеуетін көрсетеді. Мұнай бағасының салыстырмалы тұрақтылығы, ЖІӨ-нің тұрақты өсу қарқыны және инфляцияны тежеуге бағытталған монетарлық саясат ел экономикасының алдағы жылдары дағдарысқа төзімділігін арттыруға бағытталғанын көрсетеді.
Еуразиялық даму банкінің болжамы
Еуразиялық даму банкі де 2025 жылға, сондай-ақ 2026-2027 жылдарға арналған негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінің болжамы ұсынды. Болжамдарға сәйкес, Қазақстан экономикасының 2025 жылғы ЖІӨ өсімі 5,5%-ға дейін артады. Мұндай өсімді қамтамасыз ететін оң факторлар - елдің бюджет саясаты, пайыздық мөлшерлемелердің төмендеуі, мұнай өндірісінің артуы және өңірлік даму мен инфрақұрылым құрылысына бағытталған мемлекеттік бағдарламалар.
Инфляцияны бәсеңдету Қазақстан мен Ресейде пайыздық мөлшерлемелерді төмендету үшін мүмкіндіктер ашады. ЕАДБ сарапшыларының болжамы бойынша Қазақстанның Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені төмендетуді жалғастырады. Осылайша ол 2025 жылдың соңына қарай 11,25%-ға жетуі мүмкін.
Дүниежүзілік банкінің болжамы қандай
Қазақстандағы экономикалық өсім мұнай өндіруді ұлғайту есебінен 2025 жылы уақытша 4,7%-ға дейін өседі, содан кейін біртіндеп 3,0-3,5% ұзақ мерзімді әлеуетті деңгейге дейін баяулайды деп болжануда. Жеке тұтыну және таза экспорт, әсіресе мұнайдың жоғары экспорты өсудің негізгі күші болмақ, - дейді Дүниежүзілік банкінің сарапшылары.
Энергия көздері мен азық-түлік бағалары тұрақтанған сайын инфляция 2025 жылы біртіндеп төмендейді деп күтілуде. Алайда қызмет көрсету секторындағы инфляция оны 2026 жылдың соңына дейін 5% деңгейінде сақтап қалмақ.
Бюджет тапшылығы 2024 жылы ЖІӨ-нің 2,1% деңгейінде болды, 2026 жылға қарай 1%-ға дейін төмендеуі мүмкін. Оған басты себеп - Салық кодексінде реформа жасалады және бюджет шығыстарының мақсаттары нақтыланады. Қайта қарастырылатын Салық кодексіне сәйкес, кәсіпорындар мен үй шаруашылықтары үшін жоғары табыс салығы, сондай-ақ жоғары сән-салтанат салығы пайда болуы мүмкін. Алайда кірістердің өсуіне қатысты белгісіздік пен әлеуметтік және инфрақұрылымдық шығындарға қысымның артуы осы бюджеттік мақсаттарға жетуді қиындатуы мүмкін.
Кедейлік деңгейі 2025 жылы 6,3%-ға, ал 2026 жылы 5,7%-ға дейін төмендейді деп күтілуде.