Қазақстан экономикасы 2025 жылы 6,5%-ға өсті
Қаржы министрінің айтуынша, өсімге көлік, құрылыс, тау-кен өнеркәсібі және сауда салалары негізгі үлес қосқан.
Қазақстан экономикасы 2025 жылдың қорытындысы бойынша 6,5%-ға өсті. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында «2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы» Үкімет есебін таныстырған Қаржы министрі Мәди Тәкиев мәлімдеді,деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, Үкімет Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасында және басқа да стратегиялық құжаттарда белгіленген міндеттерді іске асыру жұмыстарын жалғастырып келеді. Негізгі басымдықтар өзгерген жоқ. Олар – сапалы экономикалық өсімді қамтамасыз ету, халықтың табысын арттыру, мемлекеттік қаржының тұрақтылығын сақтау және әлеуметтік міндеттемелерді толық орындау.
2025 жылдың қорытындысы бойынша экономика 6,5 пайызға өсті. Бұл өсімге көлік, құрылыс, тау-кен өнеркәсібі және сауда салалары айтарлықтай әсер етті, – деді Мәди Тәкиев.
Сонымен қатар министр инфляциялық қысымның сақталғанын атап өтті. Оның айтуынша, жыл қорытындысында инфляция деңгейі 12,3 пайызды құраған.
Есепті кезеңде орташа айлық жалақы 442 мың теңге деңгейінде қалыптасқан. Ал жұмыссыздық деңгейі жыл бойы өзгеріссіз сақталып, 4,6 пайыз болған.
Қаржы министрі мемлекеттік борыш көлемі де белгіленген шекте тұрғанын айтты. Жыл қорытындысы бойынша мемлекеттік қарыз көлемі жалпы ішкі өнімнің 22,8 пайызына немесе 36,4 трлн теңгеге тең болған.
Сондай-ақ Ұлттық қор активтері 2025 жылдың соңында 73,8 млрд АҚШ долларына жеткен. Оның ішінде 63,9 млрд доллар валюталық активтерге тиесілі.
Министрдің сөзінше, сыртқы экономикалық қиындықтарға, инфляциялық қысым мен геосаяси ахуалға қарамастан Үкімет экономикалық өсімді қамтамасыз етіп, барлық әлеуметтік міндеттемелерді орындаған.