Қазақстан экономикасы 2025 жылы 5%-ға өседі – Дүниежүзілік банк

Дүниежүзілік банк Қазақстан экономикасының болашағына қатысты болжамын жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Халықаралық ұйым мамандарының жазуынша, мұнай өндірісін көбейту және фискалдық саясатының нәтижесінде 2025 жылы ел экономикасы 4,5%-5%-ға өседі.

Ал инфляция деңгейі 2025 жылы 7,5-8%-ға дейін, 2026 жылы 6%-ға дейін біртіндеп төмендеуі мүмкін.

Қазақстанның қаржылық саясаты 2025-2026 жылдары жоғары бюджеттік тапшылықпен ынталандырушы болып қала береді. Мемлекеттік қарыз басқарылатын деңгейде болғанымен, ішкі қарыз алу мен Ұлттық қордан қаражат алу тәуелділігінің артуы қордың ұзақ мерзімді тұрақтылығына қатысты алаңдаушылық туғызады. Біз бұл баяндамада фискалдық тәртіпті сақтаудың және табыс көздерін әртараптандырудың маңызын ерекше атап өтеміз, - деді Дүниежүзілік банк Қазақстандағы тұрақты өкілі Андрей Михнев.

Зерттеуге сәйкес, Қазақстанның салықтық табыстары басқа елдермен салыстырғанда айтарлықтай артта қалып отыр. Бұл негізгі мемлекеттік қызметтің қаржыландыруын шектейді. Осыған байланысты банк мамандары фискалды мәселелерді шешуге қатысты ұсыныстарын да жазады.

Ұсынылған реформаларға прогрессивті табыс салығына көшу, тиімсіз салықтық жеңілдіктерді кезең-кезеңімен жою, ҚҚС реформасы, экологиялық мақсаттарға сәйкес акциз салығын қайта қарау және салықтық әкімшілікті жақсарту кіреді.

Қазақстандағы инфрақұрылымның қазіргі жағдайы мемлекеттік инвестицияларды арттыруды талап етеді. Бұл өндіріс өнімділігін арттыруға және тұрақты әрі тиімді мемлекеттік қызметтерді қамтамасыз етуге қажет. Сондықтан ұзақ мерзімді даму басымдықтарын қаржыландыру үшін фискалдық табыстарды ұлғайту өте маңызды,-дейді банк мамандары.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: 24.kz
Өзгелердің жаңалығы