Қазақстан егіс алқаптарын ЖИ арқылы бақылай бастайды
Қазақстанда егіс алқаптарын бақылауға жасанды интеллект енгізілмек. Жаңа жүйе өнім көлемін болжаудан бастап, тұқым сапасына дейін қадағалайды.
Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов өсімдік шаруашылығында цифрлық технологияларды енгізу мен тұқым сапасын бақылауды күшейту мәселесін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі егін егу барысы туралы деректерді жинауға арналған платформа әзірлеп шығарған, ол қазір пилоттық режимде жұмыс істеп тұр.
Болашақта өндірісті талдау және болжау үшін жүйеге жасанды интеллект элементтері енгізіледі. Сонымен қатар тұқым сапасын қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде: жалпы қажеттілік стандарт бойынша 1-ші және 2-сыныптарға сәйкес келетін 2,3 млн тоннаға жетеді. Тыңайтқыштардың ішкі нарықтағы бағасы да белгілі бір межеде бекітілді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес сәуір айынан бастап элеваторларды салу мен жаңғыртуды жеңілдікпен қаржыландыруға өтінімдер қабылдау басталды. Біз осы тапсырманы жүзеге асыру бойынша Жол картасын әзірледік, онда негізгі қаржыландыру критерийлері мен астық сақтау нысандарын салу және жаңғырту жөніндегі индикаторлар көзделген. Қаржыландыруды толық қамтамасыз ете отырып, элеваторлардық қуатын 1 млн тоннаға дейін кеңейту жоспарлануда, – дейді Азат Сұлтанов.