Қазақстан егеменді панда-облигациялардың екінші шығарылымын сәтті жүзеге асырды
Қазақстан Қытай нарығында 6,6 млрд юань көлеміндегі панда-облигацияларды орналастырды
ҚАЗАҚСТАН ЕГЕМЕНДІ ПАНДА-ОБЛИГАЦИЯЛАРДЫҢ ЕКІНШІ ШЫҒАРЫЛЫМЫН СӘТТІ ОРНАЛАСТЫРДЫ
7 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қытай қор нарығында жалпы көлемі 6,6 млрд юань болатын егеменді панда-облигациялардың екінші шығарылымын жүзеге асырды.
Облигациялар екі траншпен орналастырылды:
– жылдық мөлшерлемесі 1,82% болатын 5 млрд юань көлеміндегі үш жылдық облигациялар;
– жылдық мөлшерлемесі 1,95% болатын 1,6 млрд юань көлеміндегі бес жылдық облигациялар.
Қазақстан Қытай нарығында кредиттік рейтингі жоғары «А» санатындағы елдермен салыстырылатын шарттармен қаржы тартты. Инвесторлардың жоғары қызығушылығы елімізде экономиканы әртараптандыруға және оның орнықтылығын арттыруға бағытталған реформалардың оң бағаланғанын көрсетеді.
Шығарылым S&P рейтингтік агенттігі Қазақстанның егеменді кредиттік рейтингін «BBB-»-тен «BBB»-ге, «Тұрақты» болжамымен көтергеннен кейін жүзеге асырылды. Мемлекеттік борыш көлемі ЖІӨ-нің 20,9%-ын, ал сыртқы мемлекеттік қарыз 4,5%-ын құрайды. Бұл әлемдегі ең төмен көрсеткіштердің бірі.
Орналастыру қаржыландыру көздерін кеңейтуге, борыш портфелін әртараптандыруға және Қазақстанның юаньмен егеменді кірістілік қисығын қалыптастыруға ықпал етеді.