Қазақстан дұрыс тамақтанбайтын 21 елдің қатарында тұр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният хабарлады.
Оның айтуынша, саламатты өмір салтының келесі негізгі көрсеткіші – бұл дене белсенділігі, ол орта есеппен 34%-ды құрайды.
Динамикада 2019 жылдан бастап 4%-ға шамамен оң қарқын байқалады. Халықтың ДДСҰ ұсынған норма бойынша тағамға тәулігіне 5 грамм тұз тұтынудың орнына 18 грамм тұз тұтынуының жоғары деңгейін атап өткім келеді. VI Ұлттық өмір салтын зерттеу деректері бойынша көкөністер мен жемістерді тұтыну – тәулігіне 200-230 грамды құрайды, ал ДДСҰ ұсынған норма – тәулігіне 400-500 грамды құрау керек. Қазақстан Орта Азия мен Еуропаның дұрыс тамақтанбайтын 21 елінің арасында 9-шы орында тұр, - деді министр.
Сондай-ақ ол құрамында қанты көп өнімдерді тұтыну деңгейінің күрт артуы алаңдаушылық туғызатынын алға тартты.
2013-2018 жылдар аралығында құрамында қант бар сусындар өндіру көлемінің 25%-ға өсуі және соның салдарынан құрамында қант бар сусындар тұтынудың 13%-ға өсуі байқалады. Балалардың арасындағы семіздікті эпидемиологиялық қадағалау деректері бойынша күн сайын құрамында қант бар сусындарды 6-9 жастағы балалардың шамамен 16,7%-ы тұтынады, - деді ведомство басшысы.