Қазақстан Дүниежүзілік жол қауымдастығының құрамына кірді
PIARC пен Қазақстан Республикасының ұлттық комитеті арасындағы келісімге қол қою Прагадағы XXVII Дүниежүзілік жол Конгресінің өзекті әрі маңызды оқиғаға айналды, деп хабарлайды BAQ.KZ көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Қол қою рәсімі барысында көлік министрі Марат Қарабаев PIARC Дүниежүзілік жол қауымдастығының өкілдеріне автомобиль жолдарын дамыту және олардың құрылысы, сондай-ақ алдағы жоспарлар туралы айтып берді. Аталған құжатқа PIARC Дүниежүзілік жол қауымдастығының президенті Назир Алли және PIARC Дүниежүзілік жол қауымдастығының Қазақстандағы ұлттық комитетінің төрағасы Берік Камалиев қол қойды. Бұл келісім еліміздің автожол саласын дамытуға айтарлықтай үлес қосады деп жоспарланып отыр.
Айта кетерлігі, жол қауымдастығы сарапшылардың өзара іс-қимылы мен автомобиль жолдары және жол инфрақұрылымы саласында тәжірибе алмасуға арналған бірегей халықаралық алаң. Қауымдастық құрамына кіру заманауи техникалық әзірлемелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Естеріңізге сала кетейік, Дүниежүзілік жол қауымдастығы ұйымдастырған жаһандық іс-шара 2-6 қазан аралығында Чехия астанасы Прагада өтіп жатыр.