Қазақстан Дүниежүзілік банкпен 2031 жылға дейінгі стратегияны пысықтауда
Дүниежүзілік банк алдағы алты жылда жыл сайын 1 млрд АҚШ долларына дейін қаржыландыруға дайын екенін білдірді.
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Дүниежүзілік банк тобының өкілдерімен кездесіп, 2026-2031 жылдарға арналған әріптестіктің жаңа негіздемелік стратегиясын талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Вице-премьер құжаттың стратегиялық маңызын атап өтіп, оның реформаларды сараптамалық және қаржылық қолдауға бағытталғанын айтты. Жаңа стратегия көлік және цифрлық инфрақұрылымды дамыту, су және энергетика секторын жаңғырту, қаржы нарығын жетілдіру, жеке инвестицияны ынталандыру, климаттық саясат пен жаңартылатын энергияны дамыту бағыттарын қамтиды.
Дүниежүзілік банк алдағы алты жылда жыл сайын 1 млрд АҚШ долларына дейін қаржыландыруға дайын екенін білдірді.
Кездесуде 2020-2025 жылдарға арналған алдыңғы стратегияның қорытындылары да айтылды. Осы кезеңде жалпы сомасы 4,2 млрд долларды құрайтын 14 жоба жүзеге асырылған. Олардың қатарында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізін дамыту, «Алматы – Қорғас» жолын жаңғырту және ирригациялық жүйелерді жаңарту бар.
Тараптар жаңа стратегияны ұсыныстарды ескере отырып пысықтап, оны Дүниежүзілік банктің Директорлар кеңесінің қарауына енгізуге уағдаласты.