16 Қыркүйек 2026, 10:25 Фото: gov.kz

Қазақстан ДСҰ талаптарына сай қызмет көрсету ережелерін жаңартады 

Қазақстанда электрондық сауда көлемі соңғы бес жылда сегіз есе артып, 3,8 трлн теңгеге жетті. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Құрылтай депутаттарына Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымы аясында көрсететін қызметтер саласындағы міндеттер тізбесіне енгізілетін өзгерістерді ратификациялау туралы заң жобасын таныстыру кезінде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің сөзінше, Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылғаннан бері елдің сауда көлемі айтарлықтай өскен.

Ұйымға қосылған сәттен бастап еліміздің сауда көлемі 2015 жылғы 76,5 млрд АҚШ долларынан 2025 жылғы 136,9 млрд АҚШ долларына дейін екі есе артты. Сондай-ақ, халықаралық ұйымдар Қазақстанның сауда рәсімдерін жеңілдету және сауда процестерін цифрландыру бағытындағы прогресін ерекше атап өтуде. Ұсынылып отырған заң жобасы осы жұмыстың және ДСҰ-да қабылданған міндеттемелерді орындаудың жалғасы болып отыр, – деді Арман Шаққалиев.

Оның айтуынша, өзгерістер Қазақстанның қызметтер саудасы бойынша Жалпы келісімді дамыту мақсатында көрсетілетін қызметтерді ішкі реттеу жөніндегі ДСҰ ережелеріне қосылуын қарастырады.

2025 жылы қызметтер саудасы әлемдік сауданың шамамен 28 пайызын құрады, ал оның өсу қарқыны тауарлар саудасының өсу қарқынынан асып түсті. Көрсетілетін қызметтер саудасы 5,3 пайызға, ал тауарлар саудасы 4,6 пайызға өсті. Бұл енді тек көлік, қаржы, сақтандыру немесе туризм сияқты дәстүрлі қызметтермен шектелмейді, IT қызметтер, электрондық коммерция, білім беру қызметтері белсенді дамуда, – деді министр.

Шаққалиев Қазақстанда да бұл бағытта оң өзгерістер бар екенін атап өтті.

Қазақстанда да бұл бағытта оң өзгерістер бар, мәселен, 2025 жылы қызметтер экспорты шамамен 13 млрд АҚШ долларын құрады. Электрондық сауда көлемі соңғы бес жыл ішінде сегіз есе артып, 3,8 трлн теңгеге жетті, – деді ол.

Министрдің айтуынша, ұсынылып отырған талаптар қызмет көрсету саласын, оның ішінде қаржылық қызметтерді реттеудің жалпы негіздерін белгілейді.

Қағидаларда өтінімдерді беру рәсімдері мен оларды қарау мерзімдерін жеңілдету, өтінімдерді және рұқсат құжаттарын электронды түрде беру мүмкіндіктері бойынша ұсынымдар қамтылған. Ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігіне, сондай-ақ қабылданатын шараларды әзірлеу кезеңінде талқылау мүмкіндігіне ерекше назар аударылды. Осылайша, негізгі міндет – қызмет көрсетушілерге қойылатын талаптарды ашық, объективті және болжамды ету, – деді Сауда және интеграция министрі.

Ол қағидалар мемлекеттің қызмет көрсету саласын реттеу құқығын шектемейтінін атап өтті.

Қазақстан лицензиялауды, біліктілік талаптарын және басқа қажетті реттеу шараларын белгілеу құқығын өзінде сақтайды. Мұндай шаралар денсаулық, қауіпсіздік және басқа да қоғамдық мүдделерді қорғау мақсатында белгіленуі мүмкін, – деді Арман Шаққалиев.

Сонымен қатар министр қағидаларға қосылу қазақстандық қызмет көрсетушілер үшін сыртқы нарықтарда қосымша мүмкіндіктер жасайтынын айтты.

Бұл көрсетілетін қызметтермен өзара сауда жасау үшін тең жағдайлар жасалуына ықпал етеді. Цифрлық экономиканың, электрондық коммерцияның, қаржылық, көлік, IT және кәсіби қызметтердің дамуы Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Қызмет көрсету саласын реттеудің ашықтығы мен болжамдылығын арттыру бәсекелестіктің дамуына, инвестициялардың тартылуына және көрсетілетін қызметтердің экспортының өсуіне ықпал етеді, – деді ол.

Министрдің сөзінше, қағидаларды ратификациялау қосымша бюджет шығынын қажет етпейді.

Осы Қағидаларды ратификациялау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкелмейді және республикалық бюджеттен қосымша қаржылық шығындарды талап етпейді, – деді Арман Шаққалиев.

Сөз соңында Сауда және интеграция министрі Құрылтай депутаттарынан заң жобасын қолдауды сұрады.