Қазақстан дипломатиясы жоғары деңгейде жүзеге асырылып жатыр – депутат
Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескендіров еліміздің сыртқы саясатына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, соңғы кезеңдерде Қазақстанның дипломатиясы ауқымды жұмыстар атқарып келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жуырда Мемлекет басшысы Қытайға ресми сапармен барды. Кеше ғана Америка Құрама Штаттарына барып, БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясына қатысты. Біздің сыртқы саясатымызды негізінен Президент өзі қалыптастырады және тікелей жүргізіп отыр. Сыртқы істер министрлігімен бірлесе атқарылған бұл жұмыстар тек дипломатиямен шектелмей, инвестиция тартуға бағытталған ірі келісімдерге жол ашып жатыр, – деді депутат.
Мұқаш Ескендіровтің пікірінше, қазіргі күрделі кезеңде мұндай қадамдар ел экономикасын дамытуға зор үлес қосады.
Қазақстан дипломатиясы бүгінде басқа мемлекеттерге қарағанда өте жоғары деңгейде бағаланып отыр. Әсіресе көрші елдермен салыстырғанда бұл айқын көрінеді, – деп депутат.
Еске сала кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясында сөз сөйлегенін жаздық.
Президент кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Президенттің Нью-Йорк қаласындағы жұмыс кестесі жоғары деңгейдегі мазмұнды кездесулерге толы болғанын хабарлады. Айтуынша, Қазақстан мен АҚШ-тың ірі компаниялары 11 келісім мен меморандумға қол қойды.
Сонымен қатар сарапшылар Қазақстанның америкалық компаниялармен серіктестігіне баға берді.