Қазақстан десантшылары беларусь әріптестерін тау жағдайында өмір сүруге үйретуде
Жетісу облысындағы «Көктал» оқу полигонында «Бауырластық шыңы – 2024» оқу-жаттығуы өтуде, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оқу-жаттығудың жетекшісі ҚР Қарулы күштері Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Алмаз Жұмакеевтің айтуынша, қазақстандық және беларусьтік десантшылар бірыңғай жауынгерлік тапсырманы орындай отырып, біріккен екі бөлімшенің құрамында әрекет ететін болады.
Десантшыларға барлық жағдай жасалды. Жаттығуға қатысушылар бір бөлмеге орналастырылды. Бірге тамақтанады. Сол арқылы бір-бірінің салт-дәстүр, әдет-ғұрпымен жақынырақ танысады. Дәл осындай жағдайда нағыз үйлесімділік пайда болып, десанттық бауырластық күшейе түседі, – деп атап өтті генерал-майор Алмаз Жұмакеев.
Белсенді іс-қимылдарға дейін беларусьтік дасантшылар тау дайындығының негіздерін игерді. Полигонда қажетті оқу орындары дайындалды. Қазақстан Десанттық-шабуылдау әскерлері альпілік роталарының нұсқаушылары оларды қауіпсіздік шараларымен, тау дайындығы жабдықтарымен, жабдықтау элементтерімен, сақтандыру және өзін-өзі сақтандыру негіздерімен, түрлі тораптарды тоқумен, түсу, көтеру және су тосқауылдары арқылы өту элементтерімен таныстырды. Фельдшерлер курсы аясында өзіне-өзі көмек көрсетуге, алғашқы медициналық жәрдемге және жаралыларды тау жағдайында тасымалдауға ерекше назар аударылды.
Таулы жерлерде өмір сүру сабақтарында әскери қызметшілерді қолда бар құралдардан пештер салу, тұтандырғыш заттар болмаған кезде әртүрлі тәсілдермен от жағу нұсқаларымен, суды зарарсыздандыру және жергілікті флора мен фаунадан тамақ дайындау тәсілдерімен таныстырды.
Практикалық сабақтарда екі елдің десантшыларының біріккен топтары жауынгерлік атыстарды қамтыған шабуылдау мен торуылдауды ұйымдастыру және жүргізу элементтерін пысықтады. Сондай-ақ Қазақстан Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолданысындағы ұшқышсыз ұшу аппараттарының тактикалық-техникалық сипаттамаларымен, оларды биік таулы жерлерде қолдану мүмкіндіктерімен танысты.
Естеріңізге сала кетейік, жаттығуға Қазақстан мен Беларусьтің 350-ден астам десантшысы қатысуда. Оның белсенді кезеңі ағымдағы жылдың 17 шілдесінен 19 шілдесіне дейін өтеді.