Қазақстан делегациясы БҰҰ Өркениеттер Альянсының ІХ жаһандық форумына қатысты
Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров бастаған Қазақстан делегациясы БҰҰ Өркениеттер Альянсының 9-шы жаһандық форумына қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Форум БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриштің төрағалығымен өтіп, оған Еуропа, Таяу Шығыс және Африка елдерінің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары да қатысты. Іс-шараға әлемнің 95 елінен 1000-нан астам делегат, оның ішінде 44 делегация министрлер деңгейінде қатысты.
Өркениеттер Альянсының Достар тобының министрлік кездесуінде сөйлеген сөзінде Қ.Омаров Қазақстанның толерантты қоғам құрудағы бай тәжірибесін, сондай-ақ еліміздегі конфессияаралық диалогтың бірегей үлгісін атап өтті.
Қазақстанның бастамасы болып табылатын Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі, сондай-ақ ү.ж. қыркүйекте өткен VII съездің қорытындыларына ерекше назар аударылды.
Атап айтқанда, қазақстандық дипломат халықаралық қоғамдастықтың дінаралық, мәдениетаралық және өркениетаралық диалогты ілгерілету жөніндегі бірлескен күш-жігерінің маңыздылығын атап өтті.
Форум жұмысы шеңберінде Қ.Омаров БҰҰ Бас хатшысының Өркениеттер Альянсы жөніндегі Жоғары өкілі Мигель Моратинос, Марокко Корольдігінің Сыртқы істер министрі Насер Бурита, Пәкістан Ислам Республикасының Сыртқы істер жөніндегі мемлекеттік министрі Хина Кхар мен Мұсылман ақсақалдар кеңесінің Бас хатшысы Мұхамед Абделсаламмен екіжақты кездесулер өткізді.
Аталған кездесулер барысында тараптар екіжақты және көпжақты форматтағы мәселелердің кең ауқымын талқылады. Шетелдік әріптестер Қазақстан халқын өткен президенттік сайлаумен құттықтап, қазақстандықтардың болашақта даму мен тұрақтылыққа дауыс бергенін атап өтті.