Қазақстан дәрігерлері Ауғанстан халқына тегін медициналық көмек көрсетеді
Қазақстандық делегация Кабулға гуманитарлық және іскерлік миссиямен аттанды.
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бастаған қазақстандық делегация Кабулға гуманитарлық және іскерлік миссиямен барды. Қазақстан Ауғанстан халқына жалпы салмағы 318,8 тонна гуманитарлық көмектің кезекті партиясын, сондай-ақ халыққа медициналық көмек көрсету үшін қазақстандық дәрігерлер тобын жіберді.
Делегация құрамына Қазақстанның жетекші медициналық ұйымдарынан тоғыз маман кірді. Ауғанстандағы қазақстандық медицина күндері шеңберінде олар бір апта бойы кеңес беріп, халыққа практикалық медициналық көмек көрсетіп, ауған әріптестері үшін шеберлік сыныптарын өткізеді.
Серік Жұманғарин гуманитарлық көмек Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қазақстанның Ауғанстан халқын қолдаудағы дәйекті саясатының бір бөлігі екенін атап өтті.
Гуманитарлық жүктің жалпы салмағы – 318,8 тонна. Оның құрамына 1,867 тонна дәрілік препараттар (вирусқа қарсы, гипогликемиялық, гастроэнтерологиялық, жүрек-қан тамырлары, бронходилататорлар және басқа да препараттар) және медициналық бұйымдар, 300 тонна қант, 100 орындық жазғы шатырлар, төсек-орын жабдықтарын және басқа да қажетті заттар кіреді. Жүктің негізгі бөлігі, 8 вагон, Балх провинциясындағы Хайратон стансасына теміржол арқылы, кейбір дәрі-дәрмектер делегациямен бірге әуе көлігімен жеткізілді. Гуманитарлық көмек жеткізуді KazAID қазақстандық халықаралық даму агенттігі Қазақстан Республикасының Сыртқы істер, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау және Көлік министрліктерімен бірлесіп ұйымдастырды.
Біз Ауғанстанды Оңтүстік және Орталық Азия аймағындағы басты стратегиялық маңызды әріптесіміздің бірі ретінде қарастырамыз. Тұрақты және гүлденген Ауғанстан бүкіл аймақтың бейбітшілігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуде маңызы зор екеніне сенімдіміз. Еліміз жіберген гуманитарлық көмектің кезекті легі тек қолдау көрсету ғана емес, сонымен қатар ынтымақтастық, құрмет пен жауапкершіліктің айқын көрінісі. Бүгін бізбен бірге қазақстандық медициналық ұйымдардан жетекші тоғыз маман – педиатрлар, гастроэнтерологтер, хирургтар, травматологтер және басқа да маман дәрігерлер келді. Олар жергілікті тұрғындарға қажетті көмек көрсетіп, ауған мамандары үшін шеберлік сыныптарын өткізеді. Адамдардың денсаулығы мен өмірін сақтауда дәрігерлер үшін нақты шекара жоқ. Осылайша біз өткен жылы басталған медициналық миссияны жалғастырудамыз, — деп атап өтті Серік Жұманғарин.
Орталық Азия мен Ауғанстан елдері үшін орнықты даму мақсаттары бойынша БҰҰ Аймақтық орталығы халықаралық және аймақтық өзара іс-қимылды үйлестіру үшін платформа болады. 2026 жылғы 17 маусымда Қазақстан Президенті Алматыда Орталық құру туралы заңға қол қойды. Аймақтық орталықтың негізгі мақсаты – халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылды нығайту, тұрақты дамудың 17 мақсатын жүзеге асыру жөніндегі халықаралық және өңірлік күш-жігерді үйлестіру, сауда-экономикалық байланысты дамыту және инвестиция тарту. Жалпы, Алматыдағы БҰҰ Орталығы ауғандықтардың қатысуымен Ауғанстанның тұрақты дамуының ұзақмерзімді стратегиясын қалыптастыру үшін халықаралық алаң бола алады.