16 Қыркүйек 2026, 13:03 Фото: Sportbugin.kz

Қазақстан чемпионын өндірісте ток соқты: 28 жастағы спортшы қаза тапты

Шымкенттегі кәсіпорында 28 жастағы Әділ Тілектесті жұмыс кезінде ток соққан. Грек-рим күресінен ел чемпионының қазасын полиция тергеп жатыр.

Шымкентте керамикалық плитка өндіретін кәсіпорындардың бірінде жұмысшы қаза тапты. Марқұмның грек-рим күресінен Қазақстан чемпионы болғаны белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қайғылы оқиға кәсіпорын аумағында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам жұмыс жүргізу барысында электр тогының соғуы салдарынан өлімге әкелген жарақат алған.

Оқиғаға қатысты Шымкент қаласы Полиция департаменті BAQ.KZ редакциясының сауалына жауап берді.

Қаладағы кәсіпорындардың бірінің аумағында жұмысшының қаза болу дерегі бойынша полиция сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам жұмыс жүргізу барысында электр тогының соғуы салдарынан өлімге әкелген жарақат алған, – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Полиция мәліметінше, қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді, – делінген ресми жауапта.

Алдын ала тараған ақпаратқа сәйкес, қаза тапқан жұмысшы – 28 жастағы Әділ Тілектес. Ол Түркістан облысының тумасы болған.

Әділ Тілектес грек-рим күресімен айналысып, спортта айтарлықтай жетістікке жеткен. Атап айтқанда, 2019 жылы 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде грек-рим күресінен Қазақстан чемпионы атанған.

Спортшының есту қабілетінде ерекшелігі болғаны айтылады. Ол жарыстарға шамамен екі жыл белсенді қатысқаннан кейін кәсіби спорттағы мансабын аяқтаған.

Кейін отбасын асырау үшін Шымкенттегі керамикалық плитка өндіретін зауыттардың біріне жұмысқа орналасқан.

Алдын ала мәлімет бойынша, өндірістегі жұмыс кезінде Әділ жоғары кернеулі кабельге абайсызда тиіп, ток соққаннан кейін биіктіктен құлаған. Алған жарақаттары салдарынан көз жұмған.

Марқұмның артында екі баласы қалды.

Оқиғаның нақты себептері мен барлық мән-жайын тергеу анықтайды.