Қазақстан чемпионатындағы жанжал: Бапкер волейболшы қызды ұрып жіберді
Шымкенттегі «Волейбол Кидс» жеке клубының бапкері Хамит Мырзабеков Павлодарда өткен жарыс кезінде өзінің шәкіртін ұрып жіберді. Оқиғаға қатысты Шымкент қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Басқарманың мәліметінше, команда 2009 жылы туған және одан кіші қыздар арасындағы волейболдан Қазақстан чемпионатының екінші турына қатысып жатқан. Оқиғаның видеожазбасы әлеуметтік желілерде тарады.
Болған жағдайдан кейін Қазақстанның Ұлттық волейбол федерациясы Мырзабековті жарыстардан шеттету (дисквалификациялау) туралы шешім қабылдады.
Басқарманың клуб өкіліне сілтеме жасап берген ақпараты бойынша, бапкер қызметінен де босатылды. Ол «Волейбол Кидс» клубында алты-жеті айдай жұмыс істеген.
Ведомствода Мырзабековтің басқармаға қарасты мемлекеттік спорт ұйымдарында жұмыс істемейтінін атап өтті.
Оқиғаның мән-жайы зерттеліп, содан кейін қолданыстағы заңнама шеңберінде тиісті шаралар қабылдау мәселесі қарастырылатын болады.
Айта кетейік, бұған дейін Петропавлда тыйым салынған препараттармен бапкер ұсталды.