7 Қараша 2026, 11:19 Фото: magnific.com

Қазақстан чемпионатында тоғыз боксшы алғаш рет ел чемпионы атанды

Таразда өткен ұлттық біріншілікте ерлер мен әйелдер арасында 20 салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаздар анықталды.

30 қазан мен 6 қараша аралығында Таразда өткен ел біріншілігінде ерлер мен әйелдер арасында 20 салмақ дәрежесі бойынша чемпиондар белгілі болды. Жарыс қорытындысы бойынша тоғыз спортшы – бес ер және төрт әйел боксшы алғаш рет Қазақстан чемпионы атанды.

Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, жарысқа 337 боксшы қатысты. Олардың 223-і ерлер, 124-і әйелдер. Қазақстан чемпионаты Таразда 12 жылдық үзілістен кейін қайта ұйымдастырылды.

Ең назар аударарлық нәтижелердің бірі – 65 келіге дейінгі салмақта шымкенттік Абзал Серіктің жеңісі. Спортшы төрт жылдық үзілістен кейін ұлттық чемпионатқа қатысып, бірден алтын медаль жеңіп алды.

Әйелдер арасында 54 келіге дейінгі салмақта шымкенттік Элина Базарова алматылық үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбайдан басым түсті. Айта кетейік, Назым Қызайбай биыл маусым айында Қытайда өткен Әлем кубогының да жеңімпазы атанған.

Қостанай облысының өкілі Надежда Рябец 80 келіге дейінгі салмақта Қазақстан чемпионы атағын қатарынан үшінші рет иеленді. Финалда ол 19 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатына қатысқан Айдана Убайдуллақызымен жұдырықтасуы тиіс еді. Алайда қарсыласының жекпе-жекке шықпауына байланысты жеңіс Надежда Рябецке берілді.

Сонымен қатар әлем чемпионатының финалистері Виктория Графеева мен Елдана Талипова алғаш рет ел чемпионы атанды. Ерлер арасында ең жас чемпион – 18 жастағы Әділбек Қожахан.

Тағы бір қызықты нәтиже көрсеткен спортшы – Дәулет Төлемісов. Ол былтыр 85 келіге дейінгі салмақта чемпион атанса, биыл 90 келіге дейінгі салмақта үздік шықты. Ал ерлер арасындағы аса ауыр салмақтың финалдық жекпе-жегі үшінші жыл қатарынан өткізілмей отыр.

Бокстан Қазақстан чемпионатының жеңімпаздары:

Ерлер:

  • 50 келі – Нұрзат Оңғаров (Жамбыл облысы);
  • 55 келі – Нұрсұлтан Алтынбек (Қызылорда облысы);
  • 60 келі – Әділбек Қожахан (Жетісу облысы);
  • 65 келі – Абзал Серік (Шымкент);
  • 70 келі – Фарух Тоқтасынов (Алматы);
  • 75 келі – Нұрбек Мұрсал (Алматы);
  • 80 келі – Санжар-Әли Бегалиев (Шымкент);
  • 85 келі – Темірлан Мұқатаев (Астана);
  • 90 келі – Дәулет Төлемісов (Ақтөбе облысы);
  • 90 келіден жоғары – Данияр Рахымбердинов (Алматы).
  • Әйелдер:
  • 48 келі – Гүлназ Борибаева (Қарағанды облысы);
  • 51 келі – Анита Әдішева (Қарағанды облысы);
  • 54 келі – Элина Базарова (Шымкент);
  • 57 келі – Ұлжан Сәрсенбек (Түркістан облысы);
  • 60 келі – Виктория Графеева (Алматы);
  • 65 келі – Аида Әбікеева (Қарағанды облысы);
  • 70 келі – Бақыт Сейдыш (Алматы);
  • 75 келі – Шұғыла Налыбай (Түркістан облысы);
  • 80 келі – Надежда Рябец (Қостанай облысы);
  • 81 келіден жоғары – Елдана Талипова (Алматы).