Қазақстан БҰҰ-мен ресурспен қамтамасыз ету шарттары туралы меморандумды ратификациялады

Мәжіліс 2024 жылы 14 ақпанда Нью-Йорк қаласында жасалған Біріккен ұлттар ұйымының бөлуді бақылау жөніндегі күштеріне (UNDOF) ресурс ұсынатын Қазақстан Үкіметі мен БҰҰ арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумды ратификациялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Құжат Голан биіктіктеріндегі БҰҰ-ның бөлуді бақылау жөніндегі бітімгершілік миссиясына Қазақстан Республикасының бұрын жіберілген контингенті үшін әкімшілік, логистикалық және қаржылық шарттарын белгілейді.

Қазақстан тарапы миссияны сәтті орындауды қамтамасыз ету үшін меморандумда әскерлердің саны мен түрі, олардың дайындық дәрежесі, сондай-ақ өзін-өзі қамтамасыз етуге жататын қажетті жабдықтар мен шығыс материалдары айқындалады. Сонымен қатар БҰҰ тарапынан Қазақстан Республикасы Үкіметінің шығыстарын өтеу тәртібін көздейтін нормалар көрсетілген, - деді Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев Мәжілісте.

Құжатта құқық бұзушылықтар мен тәртіптік теріс қылықтар фактілері бойынша тергеп-тексеру жүргізілген жағдайда, Қазақстан Республикасының бітімгершілік күштерінің құрамына кіретін әскери қызметшілерге қатысты құқықтық рәсімдер де көзделген. Қазақстан ұлттық контингентінің заңнамасына бағынатын әскери қызметшілер мен кез келген азаматтық персонал кез келген қылмыстар мен құқық бұзушылықтарға қатысты Қазақстан Үкіметінің айрықша юрисдикциясына жатады.

Мәжіліс депутаттары аталған Меморандумға 2024 жылы 8 қараша мен 11 желтоқсанда Нью-Йоркте жасалған хат алмасу нысанындағы ілеспе келісімді де ратификациялады. Құжат қазақстандық бітімгершілік контингентінің UNDOF миссиясына қатысуы аясында берілетін персонал, негізгі жабдық және өзін-өзі қамтамасыз ету құралдары үшін БҰҰ Қазақстан Үкіметіне төлемдер тәртібін белгілеуге бағытталған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы