Қазақстан бойынша жасанды интеллекті бар бейнебақылау жүйесі кеңейтіледі
Көлік инфрақұрылымын басқаруда жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселесі талқыланды.
Астанада көлік саласындағы цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні дамыту, сондай-ақ Ұлттық бейнебақылау жүйесін республика деңгейінде кеңейту жоспары талқыланды.
Кездесу Көлік вице-министрі Дамир Қожахметов пен Абу-Даби денсаулық сақтау департаментінің төрағасы, G42 International бас директоры Мансур Әл-Мансуридің арасында өтті.
Тараптар көлікті цифрландыру, жасанды интеллект технологияларын қолдану және Ұлттық бейнебақылау жүйесін іске асыру бағыттарындағы ынтымақтастық мәселелерін қарастырды.
Жүйе көлік ағындарын бақылауға, көлік саласындағы бақылау жұмыстарын автоматтандыруға және көлік инфрақұрылымын тиімдірек басқаруға арналған бірыңғай цифрлық платформа болып табылады.
Биыл Астанада жүйені пилоттық тестілеу аяқталды. Сынақ нәтижесінде оның негізгі функцияларының тиімділігі расталды.
Қазір Көлік министрлігі жүйені республика деңгейіне кеңейту және көлік инфрақұрылымын басқаруда жасанды интеллект технологияларын одан әрі енгізу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар көлік инфрақұрылымын цифрландыру саласындағы ынтымақтастық туралы бұрын жасалған келісім аясында өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға мүдделі екенін растады.