Қазақстан бизнесі ЕАЭО нарығына еркін шыға ала ма? – Сарапшы пікірі
Астанада Еуразиялық экономикалық одақтың цифрлық болашағы, жасанды интеллектті дамыту және бизнеске арналған практикалық шешімдер талқылануда.
Астанада Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің өкілдерін жинаған V Еуразиялық экономикалық форум өтіп жатыр. Алаңның басты тақырыбы – ЕАЭО-ның жаһандық цифрлық бәсекеге қатысуы және жасанды интеллектіні дамыту. BAQ.KZ тілшісі "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркеновтен қазақстандық бизнес үшін Одақ нарығына шығу қаншалықты шынайы екені, кәсіпкерлер үшін қандай кедергілер әлі де өзекті болып отырғаны және бизнестің форумнан қандай шешімдер күтетінін сұрап білді.
ЕАЭО нарықтары ашық, бірақ бизнеске дайындық қажет
Тимур Жаркеновтің айтуынша, қазақстандық бизнестің ЕАЭО елдерінің нарығына шығуы жалпы алғанда шынайы мүмкіндік болып табылады және Одақтың қолданыстағы құқықтық базасына сүйенеді.
Еуразиялық экономикалық одақ тауарлардың, қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысын қамтамасыз ету үшін құрылған. Осындай жағдайда қазақстандық бизнестің Одаққа мүше мемлекеттердің нарығына шығуы жалпы алғанда шынайы және ЕАЭО-ның қолданыстағы құқықтық базасына негізделеді. Сонымен қатар нарыққа қатысу деңгейі мен табысты жұмыс істеу көбіне бизнестің өзінің дайындығы мен белсенділігіне байланысты, – деді ол.
Сарапшының түсіндіруінше, ірі әрі құрылымы қалыптасқан бизнес үшін ЕАЭО нарығына шығу көбіне шынайы әрі экономикалық тұрғыдан негізделген. Ал шағын және орта бизнес үшін де мұндай мүмкіндік бар, алайда ол өнімді бейімдеуді, реттеуші талаптарды сақтауды және әр елдегі әкімшілік шығындарды ескеруді талап етеді.
Бизнес форумнан практикалық шешімдер күтеді
Тимур Жаркенов кәсіпкерлер көбіне нарықтардың жабықтығына емес, техникалық реттеу, сертификаттау, таңбалау, кедендік және салықтық әкімшілендіру салаларындағы айырмашылықтар сияқты практикалық кедергілерге, сондай-ақ бірыңғай ережелердің іс жүзінде әртүрлі қолданылуына тап болатынын айтты.
Оның сөзінше, ең алдымен бизнес үшін негізгі "тар жерлерді" қалыптастырып отырған бағыттарды жеңілдету қажет. Олар – сертификаттау, кедендік әкімшілендіру мен бақылау, логистика, тауарларды қадағалау, транзиттік рәсімдер және өнімнің шығу тегін айқындау мәселелері.
Бизнес мұндай форумдардан әдетте декларациялар емес, тез енгізуге болатын және шығындар мен кедергілерді нақты азайтатын практикалық шешімдерді күтеді. Ұлттық палата үшін негізгі мәселелердің бірі – тауарларды есепке алу жүйесін енгізуді жеделдету, тауарларды таңбалаудың бірыңғай агрегатталған кодтар жүйесін өзара мойындау, транзитті жеңілдету және Одақтың ішкі нарығының кедергісіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін бірыңғай цифрлық экожүйе құру, – деді Жаркенов.
Осы тұрғыда форумның басты тақырыбы – цифрлық бәсеке мен жасанды интеллект – қолданбалы маңызға ие болып отыр. Бизнес үшін цифрландыру құжат айналымын жеделдетуге, тауарлардың қадағалануын жеңілдетуге, әкімшілік жүктемені азайтуға және трансшекаралық сауданы барынша ашық етуге мүмкіндік беретін құралға айналуы мүмкін.
Айта кетейік, бұған дейін 28-29 мамыр күндері Астанада өтетін V Еуразиялық экономикалық форумның Қазақстан үшін маңызы неде екенін зерделеген едік.