Қазақстан біздің сенімді серіктесіміз – елші

Биыл Үндістан-Қазақстан қатынастары үшін ерекше жыл болып отыр. Елдер арасындағы екіжақты дипломатиялық байланыстың орнағанына 30 жыл толды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Осы уақыт ішінде мемлекеттер қай бағытта қандай уағдаластыққа қол қойып, нәтижелі ынтымақтастық орнатқаны туралы Үндістанның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Шубхдаршини Трипати журналистермен кездесуде айтып берді.

Саяси қарым-қатынас

Үндістан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың тарихы тереңде жатыр. 2000 жылдан асқан байланыс үнемі және тұрақты түрде тауар алмасу, ең бастысы ойлармен алмасу және мәдени әсер орныққан. Үндістан – Қазақстан тәуелсіздігін мойындаған алғашқы елдердің бірі. Дипломатиялық қатынастар 1992 жылы 22 ақпанда орнатылды. 

Тұрақты түрде жалғасып келе жатқан аса жоғары деңгейдегі сапарлар біздің қарым-қатынастарымызды жандандырды. Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди 2015 және 2017 жылдары Қазақстанға сапармен келді. Президент Тоқаев 2022 жылғы қаңтарда Үндістан-Орталық Азия саммитіне қатысты. Жақында біздің сыртқы істер министрлеріміз көпжақты форумдар аясында екі рет кездесті. Қазақстанның сауда және интеграция министрі және цифрлық даму вице-министрі биыл Үндістанға барды. Үндістанның мемлекеттік сыртқы істер және мәдениет министрі Қазақстанға сапармен келді. Біз Үндістан – Орталық Азия саммиті, Үндістан – Орталық Азия Сыртқы істер министрлерінің кездесуі, Үндістан – Орталық Азия Үкіметаралық комиссиясы, Сыртқы істер министрлігінің консультациялары және басқа осы сияқты екіжақты кездесулерге қатыстық, – деді елші.

«Қазақстан – біздің кең көршіміз»

Сауда серіктесі

Экономикалық және сауда қатынастарына келетін болсақ, олар тұрақты дамып келеді. 

Қазақстан – Үндістанның Орталық Азиядағы ірі сауда және инвестициялық әріптесі. Пандемияның құбылмалылығына қарамастан, біздің екіжақты тауар айналымымыз екінші жыл қатарынан 2 миллиард доллардан асты. Біз үшін сауданы кеңейтудің үлкен мүмкіндіктері бар, – деп атап өтті дипломат.

Қорғаныстағы байланыс

2009 жылы Үндістан мен Қазақстан стратегиялық әріптес болды.

Қорғаныс саласындағы ынтымақтастық – Қазақстанмен стратегиялық әріптестігіміздің маңызды негізі болып есептеледі. 2018 жылдан бастап Үндістан мен Қазақстан әскерлері Біріккен Ұлттар Ұйымының туы астында Ливанда бірге қызмет атқаруда. 2015 жылы Үндістан академиялық топтарды және ғылыми-зерттеу бағдарламаларын ынталандыру үшін Қазақстанда Param Bilim суперкомпьютерін енгізді, – деді Шубхдаршини Трипати.

Мәдени ынтымақтастық

Үндістан мен Қазақстан арасында тығыз мәдени қарым-қатынастар орнатылған және бұны Қазақстанда йога танымалдығы, үнді фильмдері, би және музыкадан көруге болады. 

Астанадағы Свами Вивекананда атындағы мәдени орталығы түрлі мәдени іс-шаралар, соның ішінде йога, би және музыка сабақтарын ұйымдастырады. Биыл Халықаралық йога күні Қазақстанның 21 қаласында атап өтілгенін мақтанышпен айтамыз. Қазақстандықтар арасында йоганың кеңінен таралғанын көріп отырмыз. Атап айтқанда, Астанада Қазақстанның денсаулық сақтау министрі және мәдениет вице-министрі 2022 жылғы Халықаралық йога күніне қатысты, – деп бөлісті елші.

Жақында Нью-Делиде Үндістанның мемлекеттік мәдениет министрі қазақтың ұлы ақыны және философы Абай Құнанбаевтың ескерткішін ашты. Енді Астанада Үндістанның саяси және қоғам қайраткері Махатма Гандидің ескерткіші ашылады.

Білім беру бағдарламалары

Үндістан қазақстандық жастарға арналған стипендияның екі түрін ұсынады – Үндістанның техникалық және экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы (ITEC) және Үндістанның мәдени байланыстар жөніндегі кеңесінің стипендиясы.

Үндістанның сыртқы саясатында даму әріптестігі үлкен орын алады. ITEC бағдарламасы шеңберінде, Үндістан Қазақстанға ауыл шаруашылығы, банк ісі, заң, жасанды интеллект, ақпараттық технологиялар, инженерия, қалалық жоспарлау, менеджмент және басқа әртүрлі мамандық саласында біліктілікті арттыру курстарын ұсынады. 1992 жылдан бастап ITEC бағдарламасы бойынша 1,3 мыңнан астам маман курс бітірді. 21 қыркүйекте Астанада ITEC күні атап өтіледі. Бағдарлама барысында стипендия алған қазақстандық студенттер Үндістандағы тәжірибесін бөліседі. Ал ICCR стипендиялық бағдарламасы аясында Үндістан Қазақстан студенттеріне әртүрлі өнер саласында стипендия ұсынады, – деп атап өтті дипломат.

Сонымен қатар, елші қарашада Үндістанның Нью-Дели қаласында Үндістан – Орталық Азия саммитінің форматы аясында Жастар делегацияларының бағдарламасын өткізетінін және Қазақстаннан әртүрлі саладан 20 өкілі осы форумға қатысатынын жеткізді.

Білім беру – елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың келешектегі басым бағыттардың бірі. Қазіргі уақытта Қазақстанда 5300-ден астам үнді студенті оқиды. Олар негізінен медицина саласында білім алып жатыр. Үндістан ақпараттық технологиялар саласындағы мамандарымен танымал. Қазақстандық студенттер Үндістанға «Үндістанда оқу» бағдарламасы бойынша инженерлік іс және ақпараттық технологиялар бойынша бара алады, – деді Шубхдаршини Трипати.

Туризм

Болливуд мамандары Қазақстанның әдемі жерлерінде фильм түсіргісі келеді.

Үндістан жылдың кез келген уақытына туризмді ұсынады. Гоа және Тәж-Махал сияқты жерлер қазақстандықтар арасында өте танымал. Үндістан сапалы және қол жетімді медицина және сауықтыру туризмімен өте танымал. Қазақстанның әдемі жерлерін үнді киноиндустриясына енгізу жұмыстары жүргізілуде. Үнді халқы Қазақстанға келген кездегі қазақстандықтардың қонақжайлылығы мен мәдениетімен еске алады. Сондықтан халқымыз арасындағы қарым-қатынастарды жандандыру үшін бізде үлкен мүмкіндіктер бар, – деп түйіндеді Үндістан елшісі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы