Қазақстан биыл Жапонияға галлий экспортын бастайды

Жапонияның Mitsubishi Corp. сауда корпорациясы Қазақстаннан галлий импортын биыл бастауды жоспарлап отыр. Бұл келісімге тараптар 2025 жылы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жапонияға сапары кезінде келген болатын, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Kyodo News басылымына сілтеме жасап. 

Басылымның жазуынша, бұл Mitsubishi компаниясының Қазақстаннан галлий импорттаудағы алғашқы жобасы болмақ. Галлий электр көліктеріне қажетті қуаттық жартылай өткізгіштерде, сондай-ақ сұйық кристалды панельдерге арналған жарық диодтарын (LED) өндіруде және өзге де өнімдерде қолданылады.

Жапонияның Металдар мен энергетикалық қауіпсіздік жөніндегі ұйымының (JOGMEC) деректеріне сәйкес, 2021 жылы Жапония 96,5 тонна галлий импорттады, оның 55 тоннасы немесе 57 пайызы Қытайдан жеткізілді. Әлемдегі галлийдің негізгі өндірушісі саналатын Қытай 2023 жылдан бері бұл металды экспорттауға бақылауды күшейтіп, Жапония мен өзге елдер үшін тұрақты жеткізілімді қамтамасыз етуді қиындатты. Mitsubishi компаниясының қоғаммен байланыс жөніндегі өкілі бұл жоба "Қытайдан ажырауды мақсат етпейтінін", ал импорт бастамасы тек "жаңа жеткізушілерді дамытуға бағытталған" қадам екенін атап өтті, – деп жазды Kyodo.

Сонымен қатар, жапониялық Sojitz Corp. сауда компаниясы мен JOGMEC өткен тамыз айында АҚШ-тың Alcoa Corp. компаниясының австралиялық бөлімшесімен бірлесіп, Австралияда галлий өндіру бойынша зерттеу жобасын бастайтынын мәлімдеген болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы