Қазақстан биыл 94 локомотив пен 3,8 мыңнан астам вагон-платформа шығаруды жоспарлап отыр
Қазақстанда теміржол машина жасау саласының өндіріс көлемі кейінгі сегіз жылда 7 еседен астам өсті. 104,5 млрд теңгеден 740,4 млрд теңгеге дейін артқан, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сілтеме жасап.
Бүгінде елімізде теміржол машина жасау саласында 60-тан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Оларда 8,5 мыңнан астам адам еңбек етеді. Өндірілетін өнімдердегі қазақстандық қамту үлесі кәсіпорынға байланысты 30%-дан 90%-ға дейін жетеді.
Отандық зауыттар локомотивтер, жүк және жолаушылар вагондары, мойынтіректер, тұтас илемделген дөңгелектер, осьтер, вагон арбаларының бөлшектері мен басқа да теміржол өнімдерін шығарады. Негізгі кәсіпорындар Астана, Петропавл, Екібастұз, Степногор, Павлодар, Семей, Өскемен және Атырауда орналасқан.
Саланы дамытуға Wabtec Corporation, Alstom, Stadler секілді әлемдік өндірушілер де тартылған.
2025 жылы өндіріс 22,5%-ға артты
Министрліктің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысында теміржол саласына арналған өнім өндірісі бір жылда 22,5%-ға өсіп, 734 млрд теңгеге жеткен. Бұл – Қазақстандағы бүкіл машина жасау өндірісінің шамамен 13%-ы.
Өткен жылы отандық кәсіпорындар 114 локомотив шығарды. Оның 45-і – электровоз, 69-ы – тепловоз. Сонымен қатар 3 068 вагон, оның ішінде жартылай вагондар, платформалар және жолаушылар вагондары өндірілген.
Өсім 2026 жылдың алғашқы жартысында да жалғасты. Алты айда өндіріс көлемі былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 16,6%-ға артып, 345 млрд теңгеге жетті.
Электровоз өндірісі 24%-ға, жолаушылар вагондары 11%-ға өскен. Теміржол жолдарын жөндеу және техникалық қызмет көрсетуге арналған көлік құралдарының өндірісі 3,3 есе артса, локомотив бөлшектері мен қозғалысты басқаруға арналған механикалық жабдықтар шығару 36%-ға ұлғайды, - дейді министрлік.
Биыл қанша локомотив пен вагон шығарылады?
2026 жылы отандық кәсіпорындар 94 локомотив,193 жолаушылар вагонын,1 323 жартылай вагон және 2 377 платформа шығаруды жоспарлап отыр.
Министрліктің мәліметінше, бірқатар кәсіпорында өндіріс қуатын бұдан да арттыруға мүмкіндік бар.
Жаңа зауыттар салынып жатыр
Саладағы ірі жобалардың бірі – Астанадағы «Штадлер Қазақстан» зауыты. Кәсіпорын швейцариялық Stadler Bussnang AG компаниясымен бірлесіп іске қосылған. Зауыттың жылдық қуаты – 100 жолаушылар вагоны. Мұнда купелі, плацкартты, штабтық және техникалық вагондар шығарылады.
Атырау облысында «ТексолТранс» компаниясы жылына 6 мың жүк вагонын шығаруға қауқарлы өндірісті іске қосты. Атырау вагон жасау зауытының өзінде былтыр 305 жартылай вагон өндірілген.
Компания Атырауда тағы бір құю зауытын салып жатыр. Кәсіпорын 2027 жылы іске қосылады деп жоспарланған. Оның қуаты жылына 60 мың тоннаға дейін құйма бөлшек өндіруге жетеді. Жоба аясында шамамен 500 жаңа жұмыс орны ашылады.
Жаңа өндіріс вагондарға арналған құрамдас бөлшектерді Қазақстанда шығару деңгейін 90%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
Семей машина жасау зауыты да 2025 жылдан бастап жылына 600 жартылай вагон шығаруға арналған өндірісті іске қосты.
Ал Екібастұзда Railways Systems KZ теміржол кластері жұмыс істейді. Оның құрамындағы «Проммашкомплект» кәсіпорны теміржол дөңгелектерін өндіреді. Кластер кәсіпорындар арасындағы өндірістік байланысты күшейтіп, логистикалық шығындарды азайтуға және жоғары технологиялық өнім шығаруға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, «Востокмашзавод» пен Format Mach Company құйма өндірісін кеңейту үшін автоматты қалыптау желілерін енгізіп жатыр. Railcast Systems компаниясы соғу-бандаж кешенін құру жобасын жүзеге асыруда.
Министрлік қолға алынған жобалар импортқа тәуелділікті азайтып, өндірістегі қазақстандық қамту үлесін арттыруға және Қазақстанның теміржол машина жасау өнімдерін экспорттаушы ел ретіндегі әлеуетін күшейтуге бағытталғанын айтады.