Бүгiн 2026, 09:25 Фото: ©️BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Қазақстан білім рейтингінде сенсация жасады

Қазақстан білім беру жүйесінің даму деңгейі бойынша әлемдік рейтингте 18-орынға көтеріліп, ТОП-20-ға енді.

Insider Monkey Global Education Index зерттеуінде еліміз 0,698 балл жинап, тұрақты дамып келе жатқан және халықаралық кеңістікке кіріктірілген білім беру жүйелері қатарына қосылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл көрсеткіш Қазақстанның білім беру саласында жүргізілген жүйелі реформалардың нәтижесін аңғартады. Еліміз Польша (19-орын) мен Біріккен Араб Әмірліктерін (20-орын) артта қалдырып, Мексика, Бразилия және Оңтүстік Африка сияқты ірі экономикалардан озып шықты. Сонымен қатар Қазақстан Нидерланд (17-орын) және Сауд Арабиясы (16-орын) секілді ғылыми инфрақұрылымды белсенді дамытып жатқан елдермен бір деңгейде бәсекеге түсіп отыр.

Рейтинг көшін бұрынғыдай АҚШ бастап тұр. Одан кейін Ұлыбритания мен Қытай орналасқан. Ал алғашқы ондыққа Германия, Аустралия, Жапония және Оңтүстік Корея кіріп, ғылыми зерттеу университеттерінің жоғары шоғырлануымен және ғылымға қомақты инвестицияларымен ерекшеленеді.

Бұл индекс үш негізгі көрсеткішке негізделген: университеттердің QS Top 1000 рейтингіне енуі, олардың орташа позициясы және білім беру саласына мемлекеттік инвестиция көлемі. Бұл факторлар кадр даярлау сапасын, ғылыми әлеуетті және жоғары оқу орындарының халықаралық байланысын айқындайды.

Бүгінде Қазақстанда 10-нан астам университет QS Top 1000 қатарына кіреді. Олардың ішінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және Satbayev University бар. Университеттердің 300-800 орындар аралығында орналасуы елдің жаһандық білім беру кеңістігіндегі орнын нығайтып отыр.

Мемлекеттік қаржыландырудың ЖІӨ-нің 3-4 пайызы деңгейінде сақталуы білім беру жүйесінің тұрақты дамуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар халықаралық серіктестіктер кеңейіп, академиялық ұтқырлық артып, университеттер мен өндіріс арасындағы байланыс күшейіп келеді.

Сарапшылардың пікірінше, қазіргі кезеңде Қазақстан жаһандық рейтингтің «ортаңғы өзегінде» бәсекеге қабілеттілігін арттырып отыр. Мұнда ғылыми зерттеулер сапасы, халықаралық ықпалдастық және университеттердің әлемдік ғылыми желілерге қосылу деңгейі шешуші рөл атқарады.

Жалпы алғанда, Қазақстан мықты институционалдық негіз қалыптастырып, академиялық беделін арттыруда. Ел өңірдегі ең қарқынды дамып келе жатқан білім беру орталықтарының біріне айналып, ұзақ мерзімді экономикалық өсім мен білімге негізделген экономикаға көшу үшін берік іргетас қалыптастырып келеді.