Қазақстан бидайы және Кения кофесі: Екі ел арасындағы сауда айналымы қалай өзгереді?
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Уильям Руто БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Уильям Руто БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді.
Мемлекет басшысы Кения Президентінің елімізге жасаған алғашқы тарихи сапары қос мемлекеттің ынтымақтастығын жаңа белеске көтеретініне сенім білдірді.
– Кения – Қазақстанның Африка құрлығындағы ең ірі және сенімді сауда серіктесінің бірі. Біз екі елдің ықпалдастығын одан әрі бекемдей түсуге ниеттіміз. Кения Республикасы соңғы жылдары дамудың даңғыл жолына шықты. Шығыс Африканың жауһары саналатын бұл ел қаржы, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика және басқа да салаларда елеулі жетістікке қол жеткізді. Найроби қаласы маңызды халықаралық дипломатия орталығы саналады. Мұнда Біріккен Ұлттар Ұйымының бірнеше құрылымы тиімді жұмыс істеп тұр. Жалпы алғанда, Кенияның әлемдік сахнадағы беделі артып келеді. Бұл Президент Рутоның сарабдал саясаты мен көреген көшбасшылығының нәтижесі деп білеміз. Біз былтыр Найробиде өз елшілігімізді аштық. Бұл шешім Қазақстанның Кенияға шынайы ықыласы мен достығын аңғартады. Жалпы, бұл – Қазақстанның Африка құрлығындағы алтыншы дипломатиялық өкілдігі. Еліміз Африка мемлекеттерімен байланысын бекемдеуге баса мән береді, – деді Қазақстан Президенті.
– Әсіресе, сауда-экономикалық ықпалдастықты кеңейтуге назар аудардық. Көлік, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технологиялар, туризм, өнеркәсіп және басқа да салада бірлескен жобаларды іске асыруға уағдаластық. Елдеріміздің арасында тұрақты түрде тікелей әуе рейстерін ашу мүмкіндігі туралы да пікір алмастық. Біз ауыл шаруашылығы өнімдерін, ең алдымен, бидайды және өзге де тауарларды Африка нарығына жеткізуге мүдделіміз. Осы мақсатпен Момбаса портын пайдалану мәселесін қарастырдық. Бұл – осы аймақтың сегіз мемлекетіне жол ашатын Шығыс Африкадағы ең ірі логистика орталығының бірі. Бүгінде Қазақстан нарығында Кенияның бірқатар тауары, соның ішінде шәй және кофе өнімдері бар. Мұны екі ел арасында орныққан тұрақты сауда қатынасының көрінісі деуге болады. Сонымен қатар біз Кения өнімдерін Қазақстан арқылы Еуразия елдеріне жеткізу мәселесін талқыладық. Сауда-экономикалық ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеру қажет екенін айттық. Қазақстан-Кения Іскерлік кеңесін құру туралы бастама көтердік. Бұл кеңес нақты жобаларды ілгерілетуге, өзара алыс-берісті арттыруға мүмкіндік береді, – деді Мемлекет басшысы.