Қазақстан Биатлоншылар одағы мен IBU-дың жұмысы жақсы нәтиже беріп жатыр – Головкин

Харбинде Қазақстанда биатлон спортын дамыту әлеуеті талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің басшысы Геннадий Головкин, Қазақстан ҰОК Бас хатшысы Әлімжан Ақаев және Қазақстан Биатлоншылар одағының бас хатшысы Манас Үсенов Халықаралық биатлоншылар одағының  президенті Олли Даллинмен кездесті.

Харбиндегі қысқы Азия ойындары аясында өткен кездесуде тараптар спорт ғылымындағы ынтымақтастықтың келешегін, жаттықтырушыларға білім беру бағдарламаларын кеңейтуді, сондай-ақ Қазақстанда IBU қолдауымен Әлем кубогі кезеңдерін өткізу мүмкіндігін талқылады.

Олли Даллин IBU әртүрлі бағыттағы ынтымақтастыққа, соның ішінде Скандинавия елдері мен басқа мемлекеттердің дайындық деңгейі арасындағы алшақтықты азайтуға және бүкіл әлемде биатлонның дамуына тең жағдай жасауға ашық екенін айтты. Сондай-ақ IBU президенті қазақстандық тарапқа Азия биатлон конфедерациясын құрғаны және өңірлік біріншіліктерді өткізгені үшін алғысын білдірді.

Қазақстан биатлонды дамытуға мүдделі, сондай-ақ біз IBU-мен тәжірибе алмасу, спортшыларды даярлау әдістемесі және ғылыми-практикалық білім мәселелерінде ынтымақтастыққа ашықпыз. Біз IBU ұйымдастыруымен Әлем кубогі кезеңдерін елімізде өткізуге ниеттіміз. Мұндай спорттық іс-шаралар елімізде биатлонды насихаттауға өз септігін тигізеді, - деді ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.

Қазақстан ҰОК президенті Геннадий Головкин спортты жан-жақты дамытуда халықаралық ынтымақтастықтың маңызды екенін атап өтті.

Қазақстан Биатлоншылар одағы мен IBU арасындағы бірлескен жұмыстың жақсы нәтиже беріп жатқанына көз жеткізіп отырмыз. Біз өз тарапымыздан ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және спорттың барлық саласында кеңейтуге дайынбыз. Бұл - ел спортының сапалы дамуына ықпал етеді, - деді Геннадий Головкин.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Туризм және спорт министрілігі
Өзгелердің жаңалығы