Қазақстан бастамашы болған Діндер съезі әлемдік диалог алаңына айналды
Биыл Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезі өтеді. Осыған орай, саясаттанушы Өжет Шегірбаев Қазақстанның бейбітшілік пен диалогты дамытудағы рөліне тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Діндер съезі үш жылда бір рет өтеді. Биыл съезд мемлекет басшысының және дәстүрлі әлемдік дін көшбасшыларының қатысуымен сегізінші рет өткелі отыр. Бұл – жүйелі, жоспарлы түрде жүргізіліп келе жатқан жұмыс. Қазір бұл шынымен де рухани саладағы маңызды шара екені туралы түсінік қалыптасты, - деді саясаттанушы.
Өжет Шегірбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезі үш жылда бір өткенімен оның аясындағы жұмыстар үздіксіз жалғасып жатқанын айтты.
Съезд үш жылда бір рет өткізіліп қоя салатын шара емес. Оның жыл сайын жұмыс істейтін жұмысшы органы – хатшылығы бар. Сол хатшылық аясында басқа да іс-шаралар өткізіліп тұрады. Сонымен бірге, ол жыл сайын жаңа мазмұнмен толығып отырады. Мысалы, өткен жылы алғаш рет Жас діни көшбасшылар форумы өткізілді. Яғни жаңа, ізгілікті идеялар жастардың санасына да сіңіріліп жатыр, - деді ол.
Саясаттанушы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі көпжақты жиын болғанымен, онда екіжақты келісімдерге де мүмкіндік ашылатынын атады.
Әдетте мұндай жиындар көпжақты сипатқа ие, бірақ сонымен қатар ол екіжақты кездесулерге де жақсы алаң болып саналады. Олар бас қосып, ортақ құжат қабылдайды, белгілі бір декларацияға қол қояды. Бірақ бұл тек ресми нәтижемен шектелмейді, сонымен қатар ой алмасуға да мүмкіндік береді, - деді ол.
Өжет Шегірбаев съездің халықаралық саясаттағы жанама ықпалы өте зор екенін айтты. Өйткені осындай іс-шаралардың арқасында пікір алмасуға, жаңа идеяларды талқылауға жағдай жасалатынын жеткізді.
Бұл съезд – тек ресми жиын ғана емес, үлкен алаң. Мұнда әдетте бір-бірімен кездеспейтін адамдар жүздесіп, ой бөлісіп, идея алмаса алады. Басқаша жағдайда олардың жолдары түйіспеуі де мүмкін еді. Ал осы съезд арқасында олар бір-бірімен танысып, пікір алмасады. Мысалы, біреу Латын Америкасынан келсе, екіншісі Моңғолиядан келеді. Олардың әрқайсысының өз елінде шешуді қажет ететін мәселелері бар. Ол үшін жаңа идеялар, жаңа көзқарастар қажет. Осындай алаңда олар бір-бірінен тың ойлар алады, тәжірибе бөліседі, - деді саясаттанушы.
Өжет Шегірбаев, біріншіден, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі бейбітшілік пен толеранттылықты насихаттайтынын айтты.
Әрбір съезде бейбітшілікті сақтау, келісімді қолдау, төзімділік пен өзара ықпалдастықты дамыту қажеттігін айтамыз. Адамдар арасындағы этникалық, мәдени айырмашылықтарға қарамастан, барлығы үшін ортақ құндылық – бейбітшілік, - деді ол.
Сонымен қатар съезде әлем күн тәртібіндегі басқа да өзекті мәселелер қозғалады.
Бір кезеңде радикалды элементтерге қарсы күресудің маңыздылығы да көтерілген еді. Мысалы, өткен жылғы декларацияға қарасақ, онда мигранттарды қолдау, ауыр өмірлік жағдайға тап болған әйелдерге көмек көрсету мәселелері қозғалған. Сондай-ақ деструктивті, агрессивті риторикаға қарсы үндеулер жасалды, - деді ол.
Саясаттанушы Қазақстанның Діндер съезін өткізуге бастамашы болып, оны жауапкершілікпен атқарып отыруы елдің тұрақтылығын, сенімді серіктес екенін көрсететінін және бұл елдің халықаралық беделін арттыратынын атады.
Қазақстан Діндер съезін өткізу бастамасын алғаш көтерген мемлекет қой. Ол кезде мұндайды ешкім ойлап та көрмеген. Ал Қазақстан бірінші болып ұсынып, бірінші болып өткізіп, ұйымдастыра білді. Сондықтан оның тұрақты түрде өтуінің маңызы зор. Бұл тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлемнің осындай алаңға сұранысы бар екенін көрсетеді. Әлемдік саясат үшін де бұл – маңызды элемент, - деп қорытындылады сөзін Өжет Шегірбаев.