7 Қараша 2026, 18:07 Фото: ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі

Қазақстан банктері бизнеске инвестициялық несие беру мүмкіндігін кеңейтеді

Қаржы нарығына қатысушылар капитал тартудың жаңа көздерін, қор нарығын дамытуды және цифрлық активтерді реттеу мәселелерін талқылады.

Қазақстанда бизнеске инвестициялық несие беруді кеңейту және биржалық құралдар арқылы жеке капитал тарту үшін қосымша жағдайлар жасалмақ. Бұл мәселелерді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, Ұлттық банктің басшылығы, екінші деңгейлі банктер мен Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының өкілдері талқылады.

Кездесу Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларын іске асыруға арналды. Атап айтқанда, қатысушылар экономиканы несиелендіру және капитал нарығының мүмкіндіктерін кеңейту мәселелерін қарастырды.

Негізгі тақырыптардың бірі – екінші деңгейлі банктердің инвестициялық несие беру көлемін арттыруға қажетті реттеушілік жағдайлар жасау. Бұл ретте «Халықтық құрылыс» бағдарламасы мен «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясындағы бастамаларды қаржыландыру мәселесі де қамтылды.

Сондай-ақ тараптар «Капитал нарығы туралы» заң жобасының ережелерін талқылады. Құжатқа жеке кәсіпорындарды биржалық құралдарды белсенді пайдалануға ынталандыратын тетіктер енгізу ұсынылып отыр. Бұл қосымша қаржыландыру көздерін тартуға және инвестициялық тәртіпті арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Кездесуде цифрлық активтер мен токенизация нарығын дамыту, оларды реттеу тәсілдері, сондай-ақ Қазақстанның рейтингтік агенттігінің қызметі де назардан тыс қалмады.

Келіссөз қорытындысы бойынша тараптар бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екенін растады. Ынтымақтастықтың негізгі бағыттары – бизнесті қаржыландыруды кеңейту, капитал тартудың балама арналарын дамыту және цифрлық активтер нарығының тұрақты дамуына жағдай жасау.