11 Шілде 2026, 13:21 Фото: pixabay.com

Қазақстан балмұздақ экспортын шамамен 50%-ға арттырды

Жыл басынан бері шетелге жөнелтілген балмұздақ көлемі айтарлықтай өсіп, негізгі экспорттық нарықтар қатарында ТМД елдері қалды.

Қазақстанда 2026 жылдың қаңтар–мамыр айларында 35,1 мың тонна балмұздақ өндірілді. Ал жыл басының алғашқы төрт айында отандық өндірушілер өнім экспортын айтарлықтай ұлғайтты.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өндіріс көлемі бойынша Алматы облысы көш бастады. Өңірде 23,3 мың тонна балмұздақ өндіріліп, бұл жалпы көлемнің 66,3 пайызын құрады. Ірі өндірушілер қатарында Түркістан облысы (6 мың тонна), Алматы қаласы (1,3 мың тонна) және Ақмола облысы (1,1 мың тонна) бар.

Өндірілген өнімнің негізгі бөлігін кілегейлі балмұздақ пен пломбир құрады. Олардың өндіріс көлемі тиісінше 15,2 мың және 14,3 мың тоннаға жетіп, жалпы өндірістің 80 пайызынан астамын қамтыды.

Қаңтар–сәуір айларында қазақстандық компаниялар 24,8 миллион АҚШ долларына 6,4 мың тонна балмұздақ экспорттады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда экспорт көлемі 46,4 пайызға, ал ақшалай көрсеткіші 77 пайызға өсті.

Экспорттың 99,9 пайызы ТМД елдеріне жөнелтілген. Қазақстандық балмұздақтың ең ірі импорттаушысы бұрынғысынша Ресей болып отыр. Бұл елге 4,3 мың тонна өнім жеткізілген. Сондай-ақ Қырғызстанға экспорт 68,4 пайызға, Өзбекстанға жеткізілім 27,7 пайызға артқан.

Төрт ай ішінде Қазақстанға 12,9 миллион АҚШ долларына 3,4 мың тонна балмұздақ импортталды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10,1 пайызға көп. Негізгі жеткізушілер қатарында Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркия бар.

Қаңтар–сәуір айларының қорытындысы бойынша экспорт көлемі импорттан 2,9 мың тоннаға артық болды. Соның нәтижесінде Қазақстан балмұздақтың сыртқы саудасында оң сауда теңгерімін сақтап қалды.