7 Қазан 2026, 20:46 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

«Қазақстан балалары» тұжырымдамасы: Балалар мен ата-аналар қандай көмек ала алады?

Балаларға Психологиялық қолдау орталықтары да көмек көрсетеді.

2026 жылдың басынан бері отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша «111» бірыңғай мемлекеттік байланыс орталығына 40 мыңға жуық бала жүгінді. Өтініш білдірген барлық балаға психологиялық көмек көрсетілді, деп хабарлады BAQ.KZ ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, жыл басынан бері балалардан байланыс орталығына 39 901 өтініш түскен.

Сондай-ақ балаларға Психологиялық қолдау орталықтары да көмек көрсетеді. Олар бұл жұмысты өңірлік деңгейде үйлестіреді, мектептегі психологиялық қызметтерге сүйемелдеу жасайды және тек оқушыларды ғана емес, сонымен қатар олардың ата-аналарына да кеңес береді.

«2026 жылы Психологиялық қолдау орталықтары 16 998 бала мен 8 923 ата-анаға консультациялық және психологиялық көмек көрсетті», – деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігі.

Қазіргі уақытта білім беру ұйымдарында психологиялық-педагогикалық сүйемелдеумен 8 мыңнан астам педагог-психолог айналысуда.

«Қазақстан балалары» тұжырымдамасы қалай жұмыс істейді?

Ведомствода 2026 жылдың қаңтар айында Үкімет 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын бекіткені айтылды.

Тұжырымдама білім беру, денсаулық сақтау, қауіпсіздік, бос уақытты ұйымдастыру, әлеуметтік қамсыздандыру, балаларды қылмыстар мен ақпараттық қатерлерден қорғау салаларындағы қолданыстағы шаралар мен бағдарламаларды біріктіреді.

Құжат төрт бөлімнен тұрады, 158 іс-шара мен 10 индикаторды қамтиды. Негізгі бағыттар – баланың қауіпсіздік, білім алу, денсаулық, отбасы және әлеуметтік қорғау құқығы.

Өңірлік балалардың құқықтарын қорғау басқармаларына жеке рөл берілген. Заңнамалық деңгейде оларға Психологиялық қолдау орталықтары мен педагог-психологтарды тарта отырып, аутодеструктивті (өзін-өзі жою) мінез-құлқы бар балаларға көмек ұйымдастыру өкілеттігі берілді.

Сондай-ақ отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша жүгінуге болатын «111» байланыс орталығы арқылы да көмек алуға болады.