Кеше 2026, 21:50 Фото: BAQ.KZ архиві

Елімізде жыл сайын 330 мыңнан астам сәби дүниеге келеді

ДДҰ дерегіне сәйкес, Қазақстанда бес жасқа дейінгі балалар өлімінің көрсеткіші 1000 тірі туған балаға шаққанда 9,83-ке дейін төмендеп, бұл Орталық Азиядағы ең төмен көрсеткіштердің біріне айналған.

Өскемен қаласында Денсаулық сақтау министрлігі ЮНИСЕФ пен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен «Салауатты өмірдің бастауы – дені сау ұрпақ» атты республикалық семинар-кеңес өткізді. Іс-шарада балалар денсаулығын сақтау жүйесін жетілдірудің заманауи тәсілдері мен негізгі бағыттары қаралды.

Семинарға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, ЮНИСЕФ өкілдері, өңірлік денсаулық сақтау басқармаларының басшылары, медициналық жоғары оқу орындары мен денсаулық сақтау ұйымдарының мамандары қатысты.

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев елімізде бүгінде 7 миллионға жуық бала тұратынын, жыл сайын 330 мыңнан астам сәби дүниеге келетінін атап өтті. Оның айтуынша, тәуелсіздік жылдарында ана мен бала денсаулығын сақтау жүйесі айтарлықтай дамып, медициналық көмектің халықаралық стандарттары енгізілген.

ДДҰ дерегіне сәйкес, Қазақстанда бес жасқа дейінгі балалар өлімінің көрсеткіші 1000 тірі туған балаға шаққанда 9,83-ке дейін төмендеп, бұл Орталық Азиядағы ең төмен көрсеткіштердің біріне айналған.

Жиында ана мен бала денсаулығын сақтау қызметін дамыту, педиатриялық көмекті жетілдіру, аурулардың алдын алу, балалардың психикалық денсаулығын нығайту, ерте диагностикалау және цифрлық технологияларды енгізу мәселелері талқыланды.

Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі, ЮНИСЕФ және Республикалық медициналық-санитариялық алғашқы көмек орталығының бірлескен жобалары таныстырылды. Олардың қатарында балалардың дамуын бағалауға арналған ұлттық скрининг құралын әзірлеу, ерте араласу орталықтарының жұмыс стандарттарын енгізу және балалардың денсаулығын цифрлық бақылау жүйесін дамыту бар.

Семинар қорытындысында қатысушылар балалардың денсаулығын нығайтуға, ерте араласу жүйесін жетілдіруге және саладағы бірлескен жобаларды жалғастыруға дайын екендерін мәлімдеді.