18 Қазан 2026, 18:19 Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қазақстан Азияның мәдени мұрасын қорғау альянсында бақылаушы мәртебесін алды

Қытайдың Ханчжоу қаласында Азияның мәдени мұрасын қорғау альянсы кеңесінің IV отырысы өтті.

Кеңес отырысына 20-дан астам мемлекеттің бейінді ведомстволарының басшылары, Мәдени құндылықтарды сақтау және қалпына келтіру жөніндегі халықаралық зерттеу орталығының (ИКОМ) және Қақтығыс аймақтарындағы мұраны қорғау жөніндегі халықаралық альянстың (ALIPH) өкілдері қатысты. Жиында Қазақстан атынан ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов сөз сөйледі.

Вице-министр өз сөзінде Қазақстанның ЮНЕСКО-мен ынтымақтастық тәжірибесі туралы айтып, Альянспен байланысты үш бағыт бойынша дамытуды ұсынды. Олар – мамандар даярлау және тәжірибе алмасу, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект көмегімен тарихи ескерткіштерді қашықтан бақылау, сондай-ақ Ұлы Жібек жолы бойындағы нысандарға бірлескен археологиялық және ғылыми зерттеулер жүргізу.

Отырыс қорытындысы бойынша Қазақстан Альянста бақылаушы мемлекет мәртебесін алды. Вице-министр Кеңес мүшелеріне қолдау көрсеткені үшін алғыс айтып, бұл мәртебе Азия елдерімен ортақ мәдени мұраны сақтау бағытындағы ынтымақтастықты кеңейтуге қосымша мүмкіндік беретінін атап өтті.

Сапар аясында Айбек Сыдықов Альянстың атқарушы бас хатшысы Се Бинмен де кездесті. Тараптар алдағы ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады. Се Бин Қазақстанның Альянсқа қосылу туралы шешімін жоғары бағалап, оны батыл қадам деп атады. Сондай-ақ өзара байланысты одан әрі нығайтуға, соның ішінде Қазақстанның ұйымға толыққанды мүше ретінде кіруіне үміт білдірді. Оның айтуынша, Қытай мен Қазақстанды байланыстыратын бірегей мәдени байланыстар ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытудың берік негізі саналады.

Сапар барысында Қазақстан делегациясы IV Лянчжу форумының ашылуына да қатысты. Форумға ЮНЕСКО, ИКОМ, ALIPH және Иберо-Америка мемлекеттерінің білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымының өкілдері қатысты.

Азияның мәдени мұрасын қорғау альянсы 2023 жылы Қытайдың бастамасымен құрылған. 2024 жылдан бастап ол Бейжіңде штаб-пәтері орналасқан үкіметаралық ұйым ретінде жұмыс істейді.