Қазақстан Азиаданың алтыншы күнінде бес медаль жеңіп алды
25 қыркүйекте Аичи және Нагоя қалаларында өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарының алтыншы жарыс күні аяқталды.
Қазақстан құрамасы Азиаданың алтыншы күнінде бес қола медаль жеңіп алды. 25 қыркүйекте Аичи және Нагоя қалаларында өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарының алтыншы жарыс күні аяқталды.
Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы байдарка мен каноэде есу, оқ ату, семсерлесу және жеңіл атлетикадан бес қола медаль жеңіп алды.
Қазақстан құрамасына күннің алғашқы медалін байдарка мен каноэде есуден әйелдер командасы әкелді. Ольга Шмелева, Стэлла Суханова, Татьяна Токарницкая және Эвелина Костенко 500 метр қашықтыққа байдарка-төрттіктен қола жүлдегер атанды. Қазақстан экипажы қашықтықты 1 минут 37,005 секундта бағындырды.
Оқ атудан қола медальді Ислам Сәтпаев жеңіп алды. 50 метр қашықтыққа шағын калибрлі винтовкадан үш позицияда оқ атудан өткен финалда қазақстандық спортшы 348,3 ұпай жинап, үшінші орынға ие болды.
Тағы бір медальді семсерлесуден Қазақстан әйелдер құрамасы иеленді. Ширек финалда қазақстандық спортшылар Гонконг құрамасын 45:35 есебімен жеңсе, жартылай финалда Қытай құрамасына 21:45 есебімен есе жіберді. Азиада жүлдегерлері София Николайчук, Ирина Бакалдина, Владислава Андреева және Дарья Самоделкина атанды.
Қазақстан құрамасы жеңіл атлетикадан екі қола медаль жеңіп алды. Полина Иванова сырықпен секіруден 4,15 метр биіктікті бағындырып, үшінші орынға ие болды. Бұл – Қазақстанның Азия ойындарындағы осы дисциплинадан тарихтағы алғашқы медалі.
Алина Чистякова жеті сайыстан үшінші орын алды. Қазақстандық жеңіл атлет жеті дисциплина қорытындысы бойынша 5568 ұпай жинады.
Бірқатар қазақстандық спортшылар жүлдеге бір қадам жерден тоқтады. Спорттық гимнастикадан Милад Карими кермедегі жаттығудың финалында 13,666 ұпай жинап, төртінші орын алды. Байдарка мен каноэде есуден Бекарыс Раматулла мен Дмитрий Холмогоров та 500 метрге байдарка-екілікте төртінші орынға ие болды.
Таулы велосипедтен Денис Сергиенко Азия ойындарының үздік бестігіне енді. Ол ерлер арасындағы кросс-кантриде бесінші орын алды. Максим Фроловский 10 000 метрге жүгіруден финалды алтыншы болып аяқтады.
Жағажай волейболынан Мерей Қожахмет пен Лаура Қабулбекова топтық кезеңдегі екінші жеңісіне қол жеткізді. Қазақстандық жұп Филиппин өкілдері Бернадет Понс пен Черри Энн Рондинаны 2:1 есебімен жеңіп, алдын ала кезеңді жеңіліссіз аяқтады.
Бокстан Назым Қызайбай мен Оразбек Асылқұлов 1/8 финалда жарысты аяқтады.
Алты жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының қоржынында 30 медаль бар – 8 алтын, 8 күміс және 14 қола. Ұлттық құрама XX жазғы Азия ойындарының жалпыкомандалық медальдар есебінде төртінші орында тұр.