4 Қазан 2026, 18:20 Фото: Туризм және спорт министрлігі

Қазақстан Азиада-2026 ойындарын сегізінші орынмен аяқтады

Ұлттық құрама 84 медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте үздік ондыққа енді.

Жапонияның Нагоя қаласында XX жазғы Азия ойындары Aichi–Nagoya 2026 додасының жабылу рәсімі өтті. Қазақстанның Мемлекеттік туын көркем гимнастикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы, 16 жастағы Ақмарал Ерекешева алып шықты.

Жабылу рәсімі Nagoya City Mizuho Park Athletic Stadium стадионында өтті. Жарысқа Азияның 45 елінен шамамен 11 мың спортшы қатысты. Барлығы 469 медаль жиынтығы сарапқа салынды.

Азиадаға Қазақстан атынан спорттың 35 түрінен 558 спортшы қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша ұлттық құрама 12 алтын, 24 күміс және 48 қола медаль, барлығы 84 жүлде жеңіп алды. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан сегізінші орынға ие болды.

Айти–Нагояда өткен Азия ойындары Жапония тарихындағы үшінші Азиада болды. Бұған дейін ел 1958 жылы Токиода және 1994 жылы Хиросимада құрлықтық доданы қабылдаған.

Келесі жазғы Азия ойындары 2030 жылғы 4–19 қараша аралығында Дохада өтеді. Катар құрлықтық жарысты екінші рет қабылдайды.