13 Қараша 2026, 07:12 Фото: pixabay

Қазақстан ажырасу бойынша әлемнің ТОП-15 еліне кірді: АҚШ-пен көрсеткіші бірдей

Зерттеу нәтижесі бойынша, Қазақстанда 15 жастан асқан әрбір 1000 адамға шаққанда ажырасу коэффициенті 2,9 болған. Бұл көрсеткішпен еліміз 66 мемлекеттің арасында 14-орынға орналасқан.

Қазақстан ажырасу деңгейі бойынша әлемдегі 66 елдің ішінде 14-орынға жайғасты. Бұл көрсеткіш бойынша еліміз АҚШ-пен шамалас деңгейде болғанымен, Ресейден едәуір кейін тұр. Бұл туралы BAQ.KZ Energyprom.kz зерттеуіне сілтеме жасап хабарлайды.

Зерттеуде ажырасудың жалпы коэффициенті елдегі бүкіл халық санына шақталып есептелетіні, оның ішінде некеге тұра алмайтын балалар да ескерілетіні айтылған. Мәселен, Қазақстанда 15 жасқа дейінгі балалар халықтың 29 пайызын құраса, Еуропалық одақта бұл көрсеткіш шамамен 15 пайыз.

Осы айырмашылықты ескере отырып, мамандар ажырасу санын 15 жастан асқан әрбір 1000 тұрғынға шақтап салыстырған. Талдауға БҰҰ-ның демографиялық жылнамасы, Eurostat және ұлттық статистика органдарының 2023 жылғы деректері енгізілген. Кейбір елдер бойынша 2021-2022 жылдардағы мәліметтер пайдаланылған.

Зерттеу нәтижесі бойынша, Қазақстанда 15 жастан асқан әрбір 1000 адамға шаққанда ажырасу коэффициенті 2,9 болған. Бұл көрсеткішпен еліміз 66 мемлекеттің арасында 14-орынға орналасқан.

Ажырасу деңгейі ең жоғары елдердің қатарында Ресей (5,8), Молдова (4,9), Грузия (4,7) және Беларусь (4,4) бар. Сондай-ақ Мысырда бұл көрсеткіш 3,4, Коста-Рикада 3,3 болған.

Қазақстанмен бірдей көрсеткіш АҚШ-та тіркелген – 2,9. Ал Әзербайжанда 2,8, Қырғызстан мен Түркияда 2,6 болған.

Еуропаның бірқатар елінде ажырасу деңгейі Қазақстанға қарағанда төмен. Мәселен, Германияда – 1,8, Италияда – 1,5. Оңтүстік Кореяда 2, Жапония мен Мексикада 1,7 көрсеткіш тіркелген.

Зерттеу авторлары бұл көрсеткішті бағалағанда халықтың жас ерекшелігін де ескеру қажет екенін атап өтті. Себебі егде жастағы адамдар арасында ажырасу сирек кездеседі. Сондықтан халқының орташа жасы жоғары мемлекеттерде жалпы коэффициент төмен болуы мүмкін.

Сонымен қатар зерттеуге ресми деректері толық емес елдер, соның ішінде Африка мен Оңтүстік Азияның көптеген мемлекеті енгізілмеген.