27 Қыркүйек 2026, 18:25 Фото: Cпортты дамыту дирекциясы

Қазақстан әйелдер құрамасы шахмат Олимпиадасында күміс медаль жеңіп алды

Қазақстандық шахматшылар турнирді жеңіліссіз аяқтады.

16–27 қыркүйек аралығында Өзбекстанның Самарқанд қаласында өткен шахмат Олимпиадасына рекордтық көрсеткішпен 400-ге жуық команда қатысты.

Бұл туралы Спортты дамыту дирекциясы мәлімдеді.

Қазақстан әйелдер құрамасы шахмат Олимпиадасында қатарынан екінші рет күміс жүлдеге ие болды. Қазақстандық шахматшылар мұндай нәтижеге алғаш рет 2024 жылы Венгрияда өткен Олимпиадада қол жеткізген еді.

Шешуші 11-турда Қазақстан құрамасы Польша командасымен кездесті.

Турнирде Қазақстан намысын Бибісара Асаубаева, Алуа Нұрман, Меруерт Камалиденова, Елназ Қалиахмет және Зарина Нұрғалиева қорғады. 16 жастағы Елназ Қалиахмет пен Зарина Нұрғалиева үшін бұл Олимпиада дебюттік жарыс болды.

1992 жылдан бері шахмат Олимпиадасына қатысып келе жатқан Қазақстан әйелдер құрамасы тарихта алғаш рет турнирді жеңіліссіз аяқтады. Команда жеті рет жеңіске жетіп, төрт кездесуде тең түсті.

Спортты дамыту дирекциясының мәліметінше, Бибісара Асаубаева қатарынан үш Олимпиада бойы бірде-бір рет жеңілген жоқ.

Қазақстан ерлер құрамасы соңғы турда Вьетнам командасымен 2:2 есебімен тең түсті. Жарыс қорытындысы бойынша қазақстандықтар 15 ұпай жинап, алты жеңіске жетті, үш рет тең ойнады және екі рет жеңілді.